500-ден астам жастар жобасына 1 миллион теңгеден грант берілген

АСТАНА. ҚазАқпарат  - Жыл басынан бері 550 жастар-әлеуметтік жобалары 1 миллион теңгеден грант иеленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ZHASPROJECT жастар корпусын дамыту  жобасына сілтеме жасап.
None
None

Халықаралық қайта құру және даму банкі мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірлескен жобасы 2017 жылы Алматы, Қарағанды, Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облыстарында іске қосылған. Жастарды, әсіресе осал топтарды қоғамдық пайдалы қызмет дағдыларына тартуға бағытталған жоба 2020 жылға дейін жалғасады және Қазақстанның барлық өңірі бойынша 8 500 адамды қамту жоспарланған.

Павлодар облысы бойынша «Zhas project» өңірлік үйлестірушісі Динара Айтжанованың айтуынша, жобалардың бір бөлігі алдағы уақытта қаржылық кіріс әкеле алады.

«Жобаның негізгі мақсаты - жастарға өмірлік маңызы бар дағдыларды үйрету және әлеуметке пайдалы жобаларын жүзеге асыру үшін 1 миллион теңгеден қаражат бөлу. Кей жобалар болашақта коммерцияландырылуы мүмкін, мәселен біздегі 5-6 жоба тігін цехтарын құруға бағытталған. Балалар қаражатты тігу мен пішу сабақтарына және құрал-жабдық сатып алуға жұмсады. Жоба аяқталған соң, құрал-жабдықтарды өздерінде қалдырып, жұмыстарын жалғастыра алады», - деді ол.

Алайда жобаның негізгі мақсаты табыс табу емес, қоғамға пайда тигізу.

«Барлық әлеуметтік маңызы бар жобалардың болашақта қаржылық қайтарымы бола бермейді. Бізде тұрақты мекенжайы жоқтарға тамақ беріп, моншаға апарып, киімін ауыстыратын балалар бар. Тағы бір жоба аясында бір қыз түскі ас дайындап, сыртқа шыға алмайтын жалғызбасты жандарға таратып шықты», - деп атап өтті Д. Айтжанова.

Жалпы алғанда, жоба жүргізілген бес айда екі мыңнан астам адам өз әлеуметтік идеяларын жүзеге асыра алды. Сынамалы өңірлерде 79 спорттық нысан бой көтерді, оның арасында клубтар, жаттығу залдары және үйірмелер бар. 19 туристік және скаут жасағы өз өңірлерінде спорттық және зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін құрал-саймандарға ие болды. Жастар 94 ойын-сауық клубы мен түрлі бағыттағы (театр, вокал, би және аспап үйірмелері, кинозалдар мен студиялар) үйірмелер, 37 тігін және тоқу ательесін, 29 компьютерлік және 27 тілдік курстар және 19 шаштараз ашқан. Ауылға қолдау көрсету мақсатында жастар ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша 37 жоба әзірледі.

Соңғы жаңалықтар