«500 мың қазақстандық үшін маңызды мәселе»: Кәсіби аурулар институты қайта құрылды

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Еңбек гигиенасы мен кәсіби аурулар ғылыми институты қайтадан өз алдына дербес институт ретінде құрылатынын мәлім етті. 

Асхат Аймағамбетов
Фото: sko.agartu.kz

Депутат «Айтылды – шешілді» айдарымен жариялаған жазбасында депутат ретінде ғылым проблемасын шешуге қалай атсалысқанын баяндаған. 

«Алдыңғы жылы бірнеше әріптесіммен бірге Еңбек гигиенасы мен кәсіби аурулар ғылыми институтына барғанда, оны қайтадан дербес институт ретінде құру туралы мәселе көтерілген еді. Сонда біз бұл мәселені шешеміз деп уәде берген болатынбыз. Үкіметпен бірлесе отырып, арнайы қаулы шығарылып, институт дербес ұйым ретінде құрылды. 1958 жылы негізі қаланған бұл институт барлық шахтер, металлургтер және зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін 500 мыңға жуық азамат үшін ерекше маңызға ие. Кейінгі жылдары институт университет құрамына кіріп, кейбір бөлімдері жабылып, тіпті жабылу қаупі де туындаған болатын», - деп еске алады депутат.

Асхат Аймағамбетов аталған институттың жұмысын қаржыландыру мәселесін тиісті ведомстволар мойнына алуға дайын екенін жеткізді. 

«Мәселені шешіп бергеннен кейін ендігі кезекте осы институттың тиімді жұмыс істеуі үшін тұрақты қаржыландыру, зерттеулер жүргізу және жабдықтау мәселелерін қарастырдық. Кездесуге қатысқан денсаулық сақтау вице-министрі мен ғылым вице-министрі осы мәселелерді шешуге атсалысатынын айтты», - деп жазды ол.

Соңғы жаңалықтар