500 мыңға жуық ауыл тұрғыны скринингілік тексеруден өтті - Денсаулық министрлігі

АСТАНА. 11 шілде. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 1 тоқсанында 500 мыңға тарта ауылдағы ересек тұрғындар скринингілік тексеруден өтті.

500 мыңға жуық ауыл тұрғыны скринингілік тексеруден өтті - Денсаулық министрлігі

Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде өткен алқа мәжілісінде белгілі болды.

Аталған ведомство баспасөз қызметінің хабарлауынша, 8 мыңнан астам адам диспансерлік есепке алынған. Ауылдағы 320 мың бала профилактикалық тексерулермен қамтылып, 32,9 пайызы сауықтырылса, 33,6 диспансерлік есепке тіркелген.

 Ауыл халқына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға 49 жылжымалы медициналық кешендер өз үлесін қосуда. Осындай «дөңгелектегі емханаларды» пайдалана отырып, ағымдағы жылдың І жарты жылдығында 61 мың адам дәрігердің қарауынан өтті, 56 мыңдай зертханалық-диагностикалық зерттеулер жасалды және 68 мың кеңес берілді.

«2012 жылдың І жарты жылдығында үш консультативтік-диагностикалық пойыз мамандары республиканың әр түкпіріндегі 141 стансаның 40 мыңнан астам тұрғынын, оның ішінде 13 мыңнан астам баланы қарады. 140 мыңға тарта диагностикалық іс-шаралар, 260 мың шағын амбулаториялық оталар жасалды. 9 мыңнан аса адамға стаматологиялық жәрдем көрсетілді», - делінген хабарламада.