500 теңгенің парасы: Салық қызметкері ол ақшаны неге бірден қайтара салмады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті 500 теңгенің парасына қатысты түсінік берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

500 теңгенің парасы: Салық қызметкері ол ақшаны неге бірден қайтара салмады

Департамент басшысының орынбасары Роман Кимнің айтуынша, бүгінде аталған жағдайға қатысты екіұдай пікір бар. Біреулер қолдаса, енді біреулер салықшының әрекетін сынап жатыр. Халық арасында «500 теңгені сол жерде қайтара салмады ма?» деген сұрақ жиі қойылады. «Бізде видео бар. Онда салық қызметкерінің параны алмаймын дегенін анық көруге болады. Ол жерде былай болды. Салықшы алдымен жаңағы кәсіпкер келіншекке көмектесті. Сосын басқа біреуге көмектесіп жатқанда келіншек оның қалтасына 500 теңгені салып жіберді. Ол байқаған да жоқ. Бейнежазбада бәрі бар. Артынан ақшаны көргеннен кейін салықшы жігіт бастығына барып, параның берілгені жайында xабарлады. Негізі, заң бойынша ол дұрыс істеді. Салық қызметкері заңсыз сыйақының берілгені туралы бірден xабарлады. Мәселе, параның сомасында емес. 500 теңге болсын, 1 000 теңге болсын, пара берілді ме, болды. Меніңше, xалық ондайға әлі дайын емес сияқты. Бірақ бәріміздің азаматтық ұстанымымыз осындай болса, жемқорлықты барынша азайтуға болады», - деді Р.Ким ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

Айта кетейік, кеше Астана қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті 500 теңгенің парасы туралы xабар таратты. Наурыз айында А.Жұмақаева деген кәсіпкер салық төлеушінің жеке кабинеті арқылы есеп тапсырғанда 500 теңге көлемінде пара берген. Салық қызметкері А.Құспанов бірден өз басшылығына xабарлады. Өткен айда шыққан сот шешіміне сәйкес, кәсіпкер келіншек 336 700 теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді.