500 теңгенің парасы туралы xабар берген салықшы 70 мың теңге сыйақы алуы мүмкін
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті 500 теңгенің парасы туралы xабар берген салықшыны сыйақыға ұсынды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Данияр Райымбаевтың сөзіне қарағанда, 500 теңгенің парасы туралы xабар берген салық қызметкері - жас маман. Оның жұмысқа келгеніне 2 ай ғана болды.
«Бізде заң бойынша салық есебі жеке кабинет арқылы тапсырылады. Әрбір адам өзі келіп, декларацияны толтыруы тиіс. Алайда ол жерде кеңес беретін маман да бар. Ол барлық адамдарға көмектесіп отырады. Кәсіпкер келіншек дәл сол маманға пара берген. Ол келген бойда заңсыз сыйақы беремін деп, қайта-қайта көмек беруді сұраған екен. Себебі компьютер арқылы есеп беруді білмейді. Алайда салық қызметкері ақшаны бірден алмаймын деді. Куәгерлер де оның сөзін растап отыр. Дегенмен, кеңесші маман басқа біреуге көмектесіп жатқанда жаңағы кәсіпкер әйел 500 теңгені білдіртпей салып жіберді. Сөйтіп, іле-шала кабинеттен шығып кетті. Артынан салық қызметкері қалтасынан ақшаны тауып алғанда бірден келіншектің салып кеткенін білді. Бейнебақылау камераларынан да соның бәрін байқауға болады. Жас жігіт бірден бастығына xабар берді. Себебі біреулер әдейі істеуі мүмкін және тағысын тағы», - деді Д.Райымбаев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.
Оның айтуынша, аталған оқиға Астана қаласы Алматы аудандық мемлекеттік кірістер басқармасында болған. Бүгінде 500 теңгенің парасы туралы xабар берген жас қызметкерге сыйақы беру туралы ұсыныс жасалды.
«Заң бойынша сыбайлас жемқорлық әрекеттері туралы xабарлаған адамдарға сыйақы беру қарастырылған. Біздің департаментіміз тиісті ұсынысты жасады. Әкімшілік тәртіп бұзушылықтар туралы xабар бергені үшін 30 АЕК (72 150 теңге) көлемінде сыйақы қарастырылған. Жаңағы қызметкер осы сыйақыны алуы әбден мүмкін», - деп атап көрсетті Д.Райымбаев.
Айта кетейік, кеше Астана қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті 500 теңгенің парасы туралы xабар таратты. Наурыз айында А.Жұмақаева деген кәсіпкер салық төлеушінің жеке кабинеті арқылы есеп тапсырғанда 500 теңге көлемінде пара берген. Салық қызметкері А.Құспанов бірден өз басшылығына xабарлады. Өткен айда шыққан сот шешіміне сәйкес, кәсіпкер келіншек 336 700 теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді.