51 млн теңге жалақы қарызы бар компания басшысы ұстатпай жүр - Еңбек министрлігі
«Төрт құзырлы орган (Бас прокуратура, Әділет министрлігі, Қаржы министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі) жалақы қарызы бойынша апта сайын мониторинг жүргізеді. Жалақы қарызының уақыты үш айдан асса бөлек мониторингті қолға аламыз. Демек, жергілікті атқарушы органдар тиісті жұмыстарды атқарады. Жергілікті органдарда қазіргі уақытта «Дағдарысқа қарсы штабтар» құрылған. Үш жақты әлеуметтік саладағы комиссия бар. Сол комиссиялар жұмыс берушілерді қарап, керек жерде жаза қолданып, кестесін әзірлеп, жұмысшылардың еңбегін қорғауды жүзеге асырады», - дейді Төлеген Оспанқұлов.
Министрлік өкілінің айтуынша, қазіргі күні жалақы қарызын өтей алмай отырған 27 кәсіпорын бар. 440 миллион теңгелік жалақы қарызы (2018 жылдың 12 ақпаны бойынша) - осы кәсіпорындардың берешегі. Оның ішінде 11 мекеменің қарызы 3 айдан асып кеткен.
«Нақтырақ айтқанда, бұл соманың 51 миллион теңгесі - Қарағанды облысындағы «Отто-Сервис» деген мекеме бар (...) Кезінде Қарағанды облысында ол әскери қызметтерге көмек жасап жүрген мекеме болатын. Бірақ, ол Ресейдің мекемесі еді. Басшысы таптырмай жүр. Бұл реттегі күрделі мәселе - осы. Сондықтан, біз ол жағдай туралы Ресей мемлекетіне талай хат жаздық. Қазіргі таңда Ресей тарапымен келісім шартқа отырайық деп жатырмыз. Сол келісім шарттың ішінде тиісті мәселе қаралады деп есептеп отырмыз», - дейді Төлеген Оспанқұлов.