51 млрд долларға тең алтын: Ұлттық банктің қоры 15 жылда қалай өзгерді

АСТАНА. KAZINFORM – Бұған дейін Қазақстан алтынды ең көп сатып алушы елдің қатарында болған. Енді мемлекет алтын қорының бір бөлігін қайта сатуды жоспарлап отыр. Kazinform агенттігінің тілшісі 15 жыл ішінде Ұлттық банктің алтынға қатысты стратегиясы қалай өзгергенін және қазіргі шешімнің артында не тұрғанын зерттеп көрді.

Нидерланды вывезли золото из США и Канады
Фото: Pixabay.com

Қыркүйек айының қорытындысы бойынша Қазақстанның халықаралық резервтері 66,4 млрд доллар. Оның 51,4 млрд доллары (шамамен 77%-ы) – монетарлық алтын, қалған 15 млрд доллар шетел валютасындағы активтерге тиесілі.

Биыл тамыз айында алтынның үлесі тарихи максимумға жетіп, 79%-дан асты. Демек, резервтің басым дені бір активке шоғырланған. Бұл экономикада қауіпті деңгей саналады әрі алтын бағасы құбылмалы. Сондықтан Ұлттық банк жыл соңына дейін қордың бір бөлігін сатып, алтынның үлесін 75%-ға дейін қысқартуды жоспарлап отыр.

Алтынды қазір сату неліктен тиімді?

Қазақстан Ұлттық банкінің халықаралық резерві негізінен монетарлық алтын мен шетел валютасындағы активтерден тұрады. Соңғысына шетелдік мемлекеттік бағалы қағаздар, шетелдік банктердегі депозиттер, сондай-ақ Халықаралық валюта қорының арнайы қарыз алу құқықтары (SDR) жатады.

Кейінгі бірнеше жыл бойы Ұлттық банк әлемдегі алтынды ең көп сатып алушылардың қатарында болды, сол себепті резервте бағалы металдың рекордтық көлемі қалыптасқан. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың айтуынша, 2026 жылы қордағы бағалы металдар қоры 386 тоннаға дейін ұлғайды. Осы есеппен алсақ, резервтердің жалпы көлеміндегі алтынның үлесі шамамен 78%.

Әлия Молдабекованың өзі көрсеткіштің шамадан тыс жоғары екенін мойындап отыр. Маманның пікірінше, алтыннан басқа активтерді пайдалану арқылы резервті әртараптандыру қажет. Сондықтан Ұлттық банк алтынды сатуды бастаған.

– Осынша деңгейдегі алтын үлесі резервімізді бір ғана активтен тұратын портфельге ұқсата бастады, – деді ол.

Алтынды сатуын сатамыз, ал Ұлттық банк одан түскен қаржыны қайда жұмсайды? Сірә, бағалы металдан түскен қаражат шетелдік мемлекеттік облигацияларға бағытталатын секілді. Өйткені АҚШ-тың қазынашылық облигацияларына Ұлттық банктің ынтасы жоғары. Әлия Молдабекованың бағалауынша, таяуда АҚШ облигацияларының кірісі 24 жылдағы ең жоғары деңгейге жеткен. Сарапшылар мемлекеттік облигациялар өтімдірек дейді: пайыздық табысы жоғары және қажет болған жағдайда ақшаға айналдыру оңай.

Неліктен резервте алтын көп?

2012 жылы Бағалы металдардағы активтерді толықтыру үшін тазартылған алтынды сатып алуға мемлекеттің басым құқығын іске асыру қағидасы бекітілді. Сол кезден бастап Ұлттық банк отандық аффинаж зауыттардан алтын сатып алуды үдеткенін көрдік.

Halyk Finance мәліметтеріне сүйенсек, 2022 жылға қарай Қазақстанның алтын-валюта резервтеріндегі алтынның үлесі 70%-ға жуықтаған еді. Ал 2022 жылдан бастап Ұлттық банк резервтерді әртараптандыру үшін алтынның орнына валюталық активтерді сатып ала бастады. Оған қоса 2023 жылы сыртқы нарыққа 57,4 тонна алтын сатты.

Мұның қаншалықты ауқымды екенін білу үшін бір дерек айтайық: 2023 жылы Қазақстан алтын сату бойынша әлемдегі орталық банктер арасында бірінші орынға шықты.

Бұл қадам халықаралық резервтердегі алтынның үлесін 54,2%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік бергенімен, кейіннен жағдай қайта өзгеріп шыға келді. Өткен жылдың ақпанында Ұлттық банк алтын сатуды бәсеңдетті, керісінше алтынды сатып алуға көшкен. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан орталық банктер арасында алтын сатып алу көлемі бойынша әлемде екінші орынға шығып, бір жылда қорға 57 тонна алтын қосқан. Осылайша Ұлттық қордағы алтын 386 тоннадан асты.

Дүниежүзілік алтын кеңесінің (World Gold Council) мәліметінше, Қазақстан 2026 жылдың тамызында алтын резервтерінің көлемі бойынша әлемде 18-орында тұр. Бұл Сауд Арабиясы, Ұлыбритания және Испания елдерінен де көп.

алтын
Инфографика: Kazinform

 

Алтын қорының құны қалай өсті?

Үш жыл ішінде Қазақстанның алтын қорының құны үш есеге жуық өсті. 2023 жылғы қыркүйекте 18,6 млрд доллар болған, биыл қыркүйекте 51,4 млрд долларға көтерілді.

Сарапшылар бұған әлемдік нарықта алтын бағасының қымбаттауы едәуір ықпал етті деген ойда. Мәселен, 2023 жылдың күзінен бастап алтынның бір трой унциясы шамамен 1 870 доллар болған. Биыл қаңтарда баға шарықтап, 5 247 долларға дейін өсті. 16 қазандағы жағдай бойынша, алтынның бір трой унциясы 4 205,25 доллар. Бағаның көтерілуіне геосаяси ахуал, орталық банктер тарапынан алтынға деген сұраныстың артуы әсер еткенге ұқсайды.

Казахстан накопил золота на 51 млрд долларов. Почему Нацбанк решил его продавать
Инфографика: Kazinform

Жоғарыдағы инфографикаға назар аударсақ, 2021–2026 жылдар аралығында алтын бағасының динамикасы айтарлықтай көтерілген. Нарық талабына сәйкес, Қазақстанның халықаралық резервтеріндегі алтынның үлесі де шамамен 58%-дан 77%-ға дейін өсті.

Құнға қарай кіріс те жоғары, биыл тамыз айында Қазақстанның халықаралық резервтерінің құны тарихи деңгейге көтеріліп, 70,6 млрд долларға бағаланып отыр. Ал олардың құрамындағы алтынның үлесі алғаш рет 79%-дан асты.

Инфографика
Инфографика: Kazinform

 

«Алтынның резервтегі үлесін 50%-ға дейін азайтуға болады»

R-Finance қаржы кеңесшісі Арман Байғанов Ұлттық банктің халықаралық қордағы алтынның үлесін қысқарту туралы шешімін орынды деп санайды.

– Бұл – қалыпты тәжірибе. Оның үстіне алтынның үлесі бірден ондаған пайызға түсіретін ойымыз жоқ. Бар-жоғы 78%-дан 75%-ға дейін азайту туралы сөз болып отыр. Ұлттық банк инвестициялық стратегиясына қарай резервтерді әртараптандыруы қажет. Мысалы, АҚШ, Жапония немесе басқа елдердің облигацияларын сатып алуға болады. Қазір базалық мөлшерлеме жоғары деңгейде, демек мұндай құралдардың кірістілігі де тартымды, – деп түсіндірді сарапшы.

Байғановтың пікірінше, Ұлттық банк алтынның үлесін жоспарлаған деңгейден де қысқартуына болады.

– Резервтерді әртараптандыру қажет. Алтынның үлесі 75%-ды құрауы аса жақсы көрсеткіш емес. Менің ойымша, алтынның үлесі 50%-дан аспауы керек. Қалған бөлігі басқа валюталар мен облигациялардан тұрғаны жөн. Дегенмен соңғы бірнеше жылда алтын көлемін ұлғайту арқылы мемлекет ұтты, өйткені оның бағасы айтарлықтай өсті, – деді қаржы кеңесшісі.

Сонымен қатар сарапшы алдағы уақытта алтын бағасы төмендеуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Орталық банктердің жоғары пайыздық мөлшерлемесі мен АҚШ экономикасы осы сценарийге әкелуі мүмкін.

– Алайда алтын әлемнің көптеген орталық банкі үшін сенімді қорғаныс активі болып қала береді, – деп есептейді ол.

16 қазанда Қазақстанда бір грамм алтынның бағасы 60 713,63 теңгені құрады. Ұлттық банк резервтегі алтынды сатса, Қазақстандағы алтын бағасы өзгере ме?

– Алтын резервтерін сату отандық нарықтағы бағаға әсер етпейді. Біріншіден, баға бәрібір әлемдік алтын құнымен байланысты. Ұлттық банктің алтын қорының бір бөлігін сатуы жаһандық нарыққа ықпал ете алмайды. Өйткені Қазақстаннан бірнеше есе көп алтын қоры бар елдер де оны жинақтауды жалғастырып отыр. Мысалы, Қытай мен Ресей алтыннан бас тартпайтыны анық, – деп түйіндеді Арман Байғанов.

Еске сала кетейік, Қазақстан 2026 жылдың екінші тоқсанында орталық банктер арасында алтынды ең көп сатып алушы елдің қатарына енді. Осы кезеңде Ұлттық банк елдің алтын резервін 15 тоннаға ұлғайтты.