53 компанияның 44-і «Сарыарқа» АЭА қатысушысы дәрежесінен айырылды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында Елбасының тапсырмасымен «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағына (АЭА) қатысушылар арасында оңтайландыру жұмыстары жүргізілді, деп хабарлады өңір басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков тұрғындармен есептік кездесуінде.
«Өткен жылы тамыз айында облысымызға жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы «Сарыарқа» АЭА қызметі бойынша бірқатар тапсырма жүктеді. АЭА қатысушылары арасында оңтайландыру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 53 компанияның 44-інен арнайы экономикалық аймағына қатысушысы атағы алынады. Жер учаскелерін қайтару жұмыстары жүргізілуде», - деді Н. Әбдібеков.
АЭА аумағында екі қазақстандық-германиялық кәсіпорын: «Изоплюс Центральная Азия» ЖШС және «Бёмер Арматура» ЖШС жұмыс істейді. Облыс әкімінің мәліметінше, өткен жылы бұл кәсіпорындар 1 млрд. теңгенің өнімін шығарған.
«Хёнву» корейлық компаниясының құбыр шығару бойынша жобасы жақын арада іске қосылады», - деді Н. Әбдібеков.