54 жыл бұрын ұшты-күйлі жоғалған ұшақтың бөліктері табылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Анд тауларындағы биіктікті бағындыруға шыққан бір топ адам 50 жылдан астам уақыт бұрын із-түзсіз жоғалған ұшақтың бөліктерін тапты, деп хабарлады www.24.kz.
LAN Airlines әуе компаниясына тиесілі Douglas DC-3 көлігі 1961 жылы сәуірдің 3-і күні апатқа ұшыраған. Оның бортында 24 адам болған. Апаттан сол кездегі Green Cross атты чилилік футбол командасының 8 мүшесі қаза тапқан еді.
«Алдымен өрттен зақымданған пропеллерді тауып алдық. Қырық бөлікке бөлінген ұшақ жартастардың арасында жатыр. Нақты қай жерде жатқанын жария еткім келмейді. Апат орнының туристер қызықтайтын жерге айналғанын қаламаймын», - деді альпинист Леонардо Альборноз.