55 жастағы Орал тұрғыны 430 шақырымды велосипедпен жүріп өтті
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында тұратын Амантай Есенғалиев 430 шақырымнан астам қашықтықты велосипедпен жүріп өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ол туған жері - Жәнібек ауданы Күйгенкөл ауылына дейін велосипедпен барды.
Өзінің айтуынша, мұндай алыс қашықтыққа алғаш рет шыққан екен. 55 жастағы азамат 5 шілдеде таңғы сағат 5-те қос аяқты «тұлпарына» отырып, сол күні түнде жолшыбай Ақжайық ауданы Қабыршақты (Первомай) ауылына қарасты шаруа қожалығына түнеп шығады. Келесі күндері түнде Қазталов ауданына қарасты Жалпақтал, содан кейін Қазталов ауылдарына аялдап, Күйгенкөлге кеше сағат 16.00-дер шамасында жеткен. Оны ауыл әкімі Әлия Оспанова, сынып жетекшісі Жеміс Бисенова бастаған тұрғындар күтіп алды.
«Бүгін ауыл активімен бірге дөңгелек үстел отырысын өткізіп жатырмыз. Бұл сапар - туған жерге деген құрмет, тұрғындардың спортпен дендеп айналысуына септесетін, саламатты өмір салтын орнықтыруда үлгі боларлық оқиға. Алдағы уақытта да түлектердің туған ауылымен байланысын нығайту бағытында жұмыстанатын боламыз», деді ҚазАқпарат тілшісіне Әлия Болатқызы.
Айта кетейік, Амантай Есенғалиев БҚО қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде жұмысшы болып жасайды. Ұл-қыздары есейген, әр салада қызмет етіп жүр.