550 млрд теңге инвестиция: Ақмола облысында қандай жобалар іске асып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола облысында инвестиция тарту арқылы локомотив шығаратын зауыт салынады, сонымен қатар астықты терең өңдеу бойынша ірі зауыт салу туралы келісім жасалды. Инвестициялық жобалар туралы толығырақ өңір әкімі Марат Ахметжанов айтып берді.

- Мемлекет басшысы инвестиция тарту мәселелеріне ерекше назар аударады. Биыл өңірге 550 млрд теңгеден астам инвестиция салынады. Оның ішінде бүгінде 400 млрд теңгеден астам қаражат тартылды. Бұған дейін агроөнеркәсіп кешені саласында іске асырылған негізгі жобаларды атап өттім. Сонымен қатар облыс орталығында бұршақ және дәнді дақылдарды қайта өңдеу кешені іске асырылды. Одан бөлек бүгінде жем және жарма зауыт құрылысы аяқталуға жақын, - деді Марат Ахметжанов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар өңір басшысы алдағы уақытта салынатын өндіріс құрылыстарын атады:
- құс фабрикалары (Зеренді ауданы);
- күкірт қышқылы зауытының екінші желісі (Степногорск қаласы);
- диірмен комбинаты (Астрахан ауданы);
- кірпіш зауыты (Аршалы ауданы);
- алюминий прокаттарын шығаратын зауыт (Целиноград ауданы).
- Сонымен қоса 460 млрд теңгеден астам сомаға инвестициялық бастамаларды іске асыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді Соның бірі жылына 360 дана локомотив шығаратын зауыт салу. Сондай-ақ, біз шетелдік компаниямен астықты терең өңдеу бойынша ірі зауыт салу туралы келісімге қол қойдық. Құны 650 миллион доллар тұратын бұл жоба 1 мың жұмыс орнын құрып қана қоймай, елдің экспорттық әлеуетін арттырады. Аталған жобалар елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығы секторында қосылған құнды ұлғайту үшін стратегиялық маңызға ие», - дейді облысы әкімі.