58 елді мекен көлік қатынасынсыз қалды – Қанат Бозымбаев

Атырау
Фото: primeminister.kz

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев ел аумағын су басу қаупі туралы соңғы мәліметтермен бөлісті. 

«Су тасқынына қатысты жағдай күрделі күйінде қалып отыр. 6 өңірде 3698 жеке үй су астында қалды және автожолдардың 155 учаскесін су шайды. Топан су басқан 88 учаске бақылауға алынды, оның ішінде 4 көпір бар. Сонымен қатар 58 елді мекенге көлік қатынасы жоқ, оларға азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізіліп жатыр», - деді Қанат Бозымбаев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатына ZOOM арқылы қатыса отырып.

Үкімет басшысы орынбасарының мәліметінше, ел аумағында 10 өңірде жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланды. 

«Авариялық құтқару жұмыстарына 17 мыңнан астам адам, 1900 техникасы және 500-ге жуық жүзу мен су сору құралдары жұмылдырылды. Төтенше жағдай жарияланған аймақтардан 70 мыңнан астам адам көшірілді, оның 17 мыңға жуығы бала. Ауа райы болжамы бойынша таяу арада күн жылып, қар жылдам ериді және су қоймаларының толуы жалғасады. Бүгінде ел төңірегінің 15%, ал солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде 40% жуық қар жатыр», - дейді ол.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазгидромет су басқан өңірлердегі ауа райы болжамын жариялады. Сондай-ақ еліміздегі су басқан өңірлердің балалары сауықтыру орталықтарына жіберіліп жатыр. 

Соңғы жаңалықтар