58 киіктің өлексесі: Қызылордадағы оқиғаның жаңа деректері белгілі болды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда қаласында 58 киіктің өлексесі табылған оқиғаға қатысты жаңа деректер белгілі болды.
Облыстық полиция департаменті күдіктінің кім екенін анықтады. Тексеру кезінде оның үйінің ауласынан Қызыл кітапқа енген жануардың денесімен бірге 5 киіктің басы, 3 қап тері және оларды бөлшектеуге пайдаланылуы мүмкін құралдар тәркіленді.
- Жедел іздестіру жұмысы прокуратураның үйлестіруімен жүргізілді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркеліп, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктіге қатысты сот шешімімен үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды, - деді департаменттің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бөлім бастығы Жанболат Өтелбаев.
Құқық қорғау органдары тұрғындарды табиғат байлығын қорғауға және заңсыз әрекеттерге жол бермеуге шақырады.
Еске салайық, 20 қарашада «Охотзоопром» өндірістік бірлестігінің инспекторлары полиция қызметкерлерімен бірлесіп, Қызылорда қаласындағы жеке тұрғын үй ауласынан киік өлекселерін анықтаған.