6 айда жалдамалы тұрғын үй құрылысы бойынша 946 пәтер берілді
АСТАНА. 23 шілде. ҚазАқпарат - Өткен алты айда елімізде жалдамалы тұрғын үй құрылысы бойынша 946 пәтер пайдалануға берілді.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев мәлім етті.
Министр сөз арасында «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту» және «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламаларын іске асыру және оларды іске асыруға бөлінген қаражатты игеру бойынша түбегейлі шаралар қабылдау қажеттігін жеткізді.
«Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы бойынша 2013 жылы барлық қаржыландыру көздері есебінен жалпы көлемі 6,6 млн. шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруіміз қажет. Өткен 6 айдың ішінде тұрғын үйді пайдалануға беру деңгейі жылдық жоспарға қарағанда 45 пайызды құрады. 2013 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша кезектегілер үшін жалдамалы тұрғын үй құрылысына қатысты 57,7 мың шаршы метр немесе 946 пәтер пайдалануға берілді және сатып алынды, бұл жоспардың 14 пайызын құрайды», - дейді министр.
Оның сөзіне қарағанда, аталған бағыттағы қаражаттарды толық игермеу Маңғыстау (71%) және Ақмола облыстарында (76%) байқалады.