6 қалада қоқыс өңдеу зауыттарының құрылысы тоқтатылды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еліміздің 6 ірі қаласында қоқыс өңдейтін зауыт салу рұқсатын ұтып алған компания жобаны тоқтата тұруға ниет білдірген. Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қалдықтарды басқаруда мемлекеттік саясат департаментінің директоры Мансұр Ошурбаев БАҚ өкілдеріне берген жауабында осындай мәлімет келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бұрынғы министр қоқыс өңдейтін зауыттар салу жобасынан халық наразылығына байланысты бас тарту жоспарланып отырғанын айтқан еді. Қазіргі ұстаным түсініксіз. Жоба жалғаса ма, әлде бас тартатын болдыңыздар ма?», - деп сұрады БАҚ өкілі.
Мансұр Ошурбаевтың айтуынша, жоспардағы 6 зауыт бойынша да қиындықтар туындап тұр.
«Конкурсты ұтып алған компания жобаны тоқтату туралы туралы ниет білдірді. Яғни, аукцион арқылы сатылымға шығарылған алты зауыттың құрылысы жалғаспайды. Сондай-ақ бұрынғы министр тариф мәселесі әлі пысықталып жатқанын айтқан болатын. Өйткені аталған механизмге байланысты қоғам мен кейбір органдар тарапынан сұрақ туындаған еді. Бірақ аталған механизм қоқыс өртеу ісіндегі негізгі тетік болмайтынын айтқым келеді. Біз оны жаңа технологиялармен қатар пысықтап жатырмыз. Уақыт бір орнында тұрмайды. Еуропа елдері бұл салада дамып келеді. Солардың тәжірибесін біздің елге енгізуге деген сұраныс бар. Жуықта ғана әлеуетті инвесторлар келіп, басқа бір технологияны ұсынды. Олардың ұсынысын да қарап жатырмыз», - деді Мансұр Ошурбаев.