6 қаңтар мен 4 ақпан аралығында 21,8 мың жолаушы коронавирус бойынша тексерілді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 5 ақпан бойынша Қазақстандағы коронавирус инфекциясының эпидемиологиялық жағдайы туралы мәліметті жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«6 қаңтар - 4 ақпан аралығында Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің санитарлық-карантиндік пункттерінің мамандары халықаралық әуежайда және теміржол вокзалдарындағы Қытаймен арадағы мемлекеттік шекарадан өткізу бекеттерінде 21 838 жолаушыны тексерді», делінген хабарламада.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, ҚХР мен шекаралас мемлекеттерден келген азаматтарды мониторингілеу жалғасып жатыр. Мәселен, 2020 жылдың 6 қаңтардан бүгінгі күнге дейін елімізге 30 мың 394 адам келді.
ЖРВИ белгісімен 104 адам көпшіліктен оқшау ауруханаға жатқызылған, оның 71 жазылып шықты, қазір стационарларда медициналық бақылауда 33 адам қалды.
Ауруханаға жатқызылғандардың барлығының сынамасын қосымша бақылау үшін Алматыдағы Айқымбаев атындағы аса қауіпті жұқпалы аурулардың ұлттық ғылыми орталығына жіберілді. Бұл орталық жаңа коронавирусты ПТР-диагностикалау әдістемесі игерген.
Министрлітің мәліметінше, елімізде терапия үшін қажетті дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар бар, жұқпалы ауруханаларды оқшаулауға арналған бокстар, арнайы дәрігерлік және орта медициналық персонал дайындалған.
Ресми ақпаратты Денсаулық сақтау министрлігінің әлеуметтік желідегі парақшасынан оқуға болады және кез келген сұрақ бойынша 1406 байланыс орталығы тәулік бойы жұмыс істейді.