6 қараша. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 6 қараша. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 6 қарашаға арналған күнтізбесін ұсынады.

6 қараша. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

6 қараша. БЕЙСЕНБІ Тәжікстан Республикасының конституция күні. 1994 жылы елдің негізгі заңы қабылданған күнге арналады. Тәжікстанның қазіргі конституциясы КСРО күйрегеннен және Тәжікстан дербес тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін қабылданды. Соғыс және қарулы қақтығыстар кезінде қоршаған ортаны пайдаланудан сақтаудың халықаралық күні. БҰҰ Бас Ассамблеясының 2001 жылғы қарашаның 5-індегі 56/4 қарары бойынша атап өтіледі. Бұл шешімді қабылдауда БҰҰ қарулы қақтығыстардың қоршаған ортаға тигізетін кері әсері ұзақ уақытқа дейін экожүйе мен табиғи ресурстарға зиянын тигізетінін негізге алды. Татарстан Республикасының мемлекеттік мейрамы - Конституция күні (1992). Доминикан Республикасының Конституция күні. Конституция 1844 жылы 6 қарашада Сан-Кристобаль қаласында қабылданды. Финляндиядағы швед мәдениеті күні. Ту күні (заңдылықтармен бекітілген орындарда мемлекеттік ту көтерілетін мейрамдар мен еске алу күндері) 1908 жылдан Швеция мен швед мәдениетіне арналып белгіленген және кеңінен аталып өтеді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 35 жыл бұрын (1979) азамат және Ұлы Отан соғыстарында қаза тапқан солтүстік қазақстандықтарды мәңгі есте қалдыру мақсатында Петропавл қаласының алаңында Революциялық және жауынгерлік даңқ мемориалы ашылды. Мемориал авторлары - ленинградтық сәулетшілер М.Е.Константинов, В.А.Федоров, В.Н.Фурсов және петропавлдық А.Н.Бургаев. 22 жыл бұрын (1992) Алматыдағы Райымбек батыр көшесінің бойындағы зиратта атақты әнші Әміре Қашаубаевқа қойылған ескерткіш-құлпытастың ашылу салтанаты болды. 10 жыл бұрын (2004) Алматыдағы Орталық концерт залында атақты американдық дирижер Руберт Гуттердің жетекшілігімен Қазақ симфониялық оркестрінің орындауында «Америка киносының әуендері» концерті болып өтті. Р.Гуттер - Солтүстік Каролина штатындағы Гринсборо филармониясының музыкалық директоры және Халықаралық дирижерлер институтының арт-директоры. Нью-Йорк Музыка мен Өнер мектебін және Йель университетінің музыка факультетін тәмамдаған. Дирижер дәрежесінде ол 25 елдің алдыңғы қатарлы оркестрлерімен жұмыс істеген. 10 жыл бұрын (2004) Таразда Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Марат Жаһиттың 60 жылдық мерейтойына арналған қазақша күрестен кубок турнирі болып өтті. Қазақша күрестен Қазақстан Кубогын жеңіп алу үшін еліміздің барлық облыстарынан, Астана мен Алматы қалаларының командалары белдесті. Марат Жаһит - Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген бапкер, көптеген талантты шәкірттер - қазақша күрестен бірнеше мәрте республикалық және халықаралық жарыстардың жеңімпаздарын тәрбиелеп шығарды. 7 жыл бұрын (2007) Мұражай ісінің ардагері және өлкетанушы Эрнест Соколкиннің «Павлодар көшелері» деп аталған кітабы жарық көрді. Өзінің анықтамалық кітабы үшін материалдарды зерттеуші ондаған жылдар бойы жинаған екен. Кітап қала құрылысының осыдан бір жарым ғасыр бұрынғы, о бастағы Коряковка казактар станицасының құрылыс жобасынан бастап, бүгінгі кезеңге дейінгі уақытын қамтиды. Кезінде құрылысы небәрі 30 көшеден тұратын Павлодарда бүгінде үш жүзден астам көше бар. Әр көшенің өз тарихы бар, олардың кейбіреуілерінің атаулары ел тарихындағы дәуірлік кезеңдерге байланысты өзгеріп отырған. Павлодардың негізгі көшесі 1920 жылдары Троцкийдің атына ие болса, кейіннен Дзержинский атындағы көше болып атын өзгерткен. Ал ол көше бүгінде Қазақстанның тұңғыш академигі, осы өлкенің түлегі Қаныш Сәтбаевтың атында. 7 жыл бұрын (2007) Астанадағы «Зерде» инновациялық орталығы әзірлеген қазақ тілі синонимдер сөздігінің электрондық нұсқасы таныстырылды. Электрондық сөздікке бүгінде қолданыстағы 20 мыңнан астам сөздің синонимдері топтастырылған. 7 жыл бұрын (2007) Каир қаласында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Мысыр Араб Республикасының Үкіметі арасында Каир қаласында Бейбарыс сұлтанның мешітін қалпына келтіру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге» қол қойылды. Бұл құжаттың негізінде Қазақстан, XIII ғасырда салынған нысандардың бастысы және ортағасырлық сәулет өнерінің жауһар ескерткіші саналатын бұл мешітті қалпына келтіруге 4,5 млн. АҚШ доллары көлемінде қаржы бөліп отыр. 5 жыл бұрын (2009) Алматыда «Өрлеу» балет жас әртістерінің театры ашылды. Театр А.В.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің 75 жылдығына орай ашылған. 5 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Италия Республикасына ресми сапары аясында Қазақстан мен Италия арасында Стратегиялық әріптестік туралы шартқа қол қойылды. 5 жыл бұрын (2009) Бакуде Әзірбайжанның Ұлттық ғылым академиясының жанындағы Низами атындағы Әдебиет институтының ұйытқы болуымен, филология ғылымдарының докторы, профессор Айда Фейзуллаеваның авторлығымен қазақтың танымал ақыны және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов туралы кітап жарық көрді. 5 жыл бұрын (2009) Астанада саясаткер әйелдердің клубы ашылды. Клубтың тұрақты мүшелері - Парламент депутаттары, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы әйелдер мен отбасы демографиялық саясаты жөніндегі Ұлттық комиссия мүшелері кірді. 5 жыл бұрын (2009) Қостанайда Тобыл өзенінен өтетін жаңа көпір салтанатты түрде ашылды. Қысқа мерзімде салынып біткен көпірдің құрылысына 331 млн. қаржы жұмсалған. Жүретін жолдың ені - 11,5 метр, және екі жаяу жүріп өтетін жолдың ені - 1,5 метр. Көпірдің жақындау жолының ұзындығы - 710 метр. Көпірдің құрылысы енді Ресей Федерациясымен байланысып жатқан жолда жыл бойы тоқтаусыз транзиттік қозғалыспен қамтамасыз етеді. ЕСІМДЕР 90 жыл бұрын (1924-1986) кескіндемеші, Қазақстанның халық суретшісі, өнертану кандидаты, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері НҰРМҰХАМЕДОВ Нағымбек Жемал-әд-Динұлы дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Павлодар облысы Баянауыл ауданында туған. Театр-көркемсурет училищесін, Санкт-Петербор кескіндеме, мүсін және архитектуралық институтын, КСРО Көркемсурет академиясы жанындағы аспирантураны бітірген. «Даладағы өрт», «Әкем келе жатыр», «Бес қаруың сай болсын», «Кеңес Одағы Әскери Теңіз-флотының адмиралы И.С.Исаков», «Кеңес Одағының Батыры М.Ғабдуллин», «Теміртау су қоймасы», «Алатау беткейінде», «Фудзияма тауы», «Еңбек даңқы ерлері» атты еңбектері кеңінен танымал. Бүкілодақтық және республикалық көрмелерге қатысты. 7 мәрте өзінің жеке көрмесі болды. Оның еңбектері Канадада, Бельгияда, Югославияда, Финляндияда көрмелерге қойылды. Қазақстанның бейнелеу өнері жөніндегі бірнеше кітаптар мен альбомдардың авторы. 2-дәрежелі Отан соғысы, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. 90 жыл бұрын (1924-1996) Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген сауда қызметкері САЛТЫБАЕВ Сәкен Әбілғазыұлы дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында туған. КСРО Сауда министрлігінің Жоғарғы сауда мектебін бітірген. 1945-1954 жылдары Түркістан-Сібір теміржолында жұмыс істеген. 1956-1958 жылдары - Түркістан-Сібір теміржолы жұмысшыларды қамтамасыз ету басқармасы бастығының орынбасары. 1958-1961 жылдары - Оңтүстік-Қазақстан облыстық сауда басқармасының бастығы. 1961-1962 жылдары - Шымкент қалалық атқару комитетінің төрағасы. 1962-1963 жылдары - Оңтүстік-Қазақстан өлкелік партия комитетінің бөлім меңгерушісі. 1963-1966 жылдары - Қазақ КСР Партиялық-мемлекеттік бақылау комитетінің бөлім меңгерушісі. 1966-1971 жылдары - Қазақ КСР Сауда министрінің орынбасары - Қазақ КСР Сауда палатасы президиумының төрағасы. 1971-1979 жылдары - Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің сауда, жоспарлау және қаржы органдары бөлімінің меңгерушісі. 1979-1984 жылдары - Қазақ КСР Еңбек жөніндегі Мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 8-9 шақырылымдарының депутаты. Ұлы Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, медальдармен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 86 жыл бұрын (1928-1978) Қазақстандағы тас дәуірі археологиясының негізін қалаушы, алғашқы қазақ маман археологтарының бірі АЛПЫСБАЕВ Хасен дүниеге келді. Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. 1945-1950 жылдары Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің тарих факультетінде оқып жүріп А.Окладников пен М.Массон басқарған археологиялық экспедицияларға, кейіннен Оңтүстік Түркімения археологиялық кешенді экспедицияларына, КСРО Ғылым академиясы Қырғыз бөлімшесінің палеолит отрядына, кейін Солтүстік Қазақстан, Іле археологиялық экспедициясына қатысқан. 1957-1960 жылдары Қаратау палеолит отрядын басқарған. Төменгі палеолит дәуірінің адамдары қолымен жасалған тұңғыш құралдар табылған Бөріқазан, Тәңірқазған, т.б. тас дәуірі тұрақтарын ашқан. Ғалым өмірінің соңына дейін Қазақстан Ғылым академиясы Тарих, археология және этнография институтының археология бөлімшесінде қызмет істеген. Оның «Оңтүстік Қазақстанның төменгі палеолит ескерткіштері» атты еңбегі бар. 84 жыл бұрын (1930-1994) инженер-гидротехник, ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнертапқышы ЖАНҒАРИН Әділбек Ізтілеуұлы дүниеге келді. Қызылорда облысының Қазалы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылық институтын (қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық университет) бітірген. 1953-1956 жылдары - Шымкент қаласындағы ауыл шаруашылық техникумында мұғалім, 1957-1962 жылдары - Қазақ энергетика ғылыми-зерттеу институтында кіші және аға ғылыми қызметкер. 1963-1967 жылдары - Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының (қазіргі М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті) «Теориялық механика» кафедрасының меңгерушісі, доценті. 1968-1991 жылдары - Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істеді. 1992-1994 жылдары - Алматы автомобиль жолдары институтында кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған. Негізгі ғылыми-өнертабыстық жұмыстары мелиорация, егін суару, ауыз сумен қамтамасыз ету және жайылымдарды суландыру салаларында ағын суды және жер асты суларын тазалау, гидроциклондық әдіспен су көтеру технологияларына арналған. Ол жасаған қондырғылар 85 авторлық куәлікке ие болды. Бүкілодақтық, дүниежүзілік көрмелердің медальдарын алды. Оның басшылығымен 2 ғылым докторы, 6 ғылым кандидаты дайындалды. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіндегі гидравликалық ғылыми зертханаға Жанғариннің есімі берілген. «Құрмет белгісі» орденімен және медальдармен марапатталған. 61 жыл бұрын (1953) «Құрманғазы Петролеум» ЖШС бас директоры ЖОЛДАСОВ Едіге Бақтығалиұлы дүниеге келді. Атырау қаласында туған. И.Губкин атындағы Мәскеу мұнай химиясы және газ өнеркәсібі институтын бітірген. 1991-1992 жылдары - Атырау облыстық атқару комитетінің бөлім бастығы. 1992-1993 жылдары - Атырау облыстық әкімдігі шет ел инвестициялары жөніндегі департамент директорының орынбасары. 1994-1998 жылдары - «Қазақстанкаспийшельф» ашық акционерлік қоғамының бөлім, басқарма бастығы. 1999-2001 жылдары - «Қазақойл» ұлттық мұнай компаниясы» жабық акционерлік қоғамының Теңіз жобалары департаменті Солтүстік Каспий жобаларының жетекшісі. 2002-2004 жылдары - «ҚазМұнайГаз» ҰК» жабық акционерлік қоғамы Теңіз жобаларын басқару департаменті директорының орынбасары, директоры, «ҚазМұнайТеңіз» жабық акционерлік қоғамының департаменті директоры. 2004-2006 жылдары - «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ жаңа теңіз жобаларын дамыту департаментінің директоры. 2006-2008 жылдары - «ҚазМұнаГаз» ҰК» АҚ перспективалық жобаларды дамыту департаментінің директоры. 2008-2010 жылдары - «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ өндіру активтері департаменті директорының орынбасары, бас менеджері. Қазіргі қызметінде - 2010 жылғы желтоқсаннан бері. 52 жыл бұрын (1962) ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Ұлттық туберкулез проблемалары орталығы» РМКК директоры ӘБІЛДАЕВ Тілеухан Шілдебайұлы дүниеге келді. Жамбыл облысында туған. Алматы мемлекеттік медицина институтын бітірген. 1983 жылдан - Алматы қалалық №2 клиникалық аурухананың медицина қызметкері. 1985-1986 жылдары - Жамбыл қаласында ОМК хирург-интерні. 1986-1996 жылдары - Талас ОАБ хирургия бөлімінің меңгерушісі, бас дәрігері. 1996-1999 жылдары - Жамбыл облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері. 1999-2005 жылдары - Жамбыл облыстық денсаулық сақтау департаментінің бастығы. 2005-2010 жылдары - Жамбыл облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері. 2010 жылдан бастап -ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық қызметтерді төлеу комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің директоры. Қазіргі қызметінде - 2010 жылдан бері. «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2002), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005) медальдарымен; ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, Жамбыл облысы әкімінің және облыстық мәслихаттың құрмет грамоталарымен марапатталған. 51 жыл бұрын (1963) ҚР Президенті Әкімшілігі мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыстар бөлімінің меңгерушісі ОРАЗАЛИН Оңдасын Сейілұлы дүниеге келді. Ақтөбе қаласында туған. Ақтөбе педагогикалық институтын және әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген, ағылшын тілінің мұғалімі, заңгер. 1985-1990 жылдары - Ақтөбе пединститутының оқытушысы. 1990-2000 жылдары - «РИКА-ТВ» ЖШС бас директорының орынбасары, «Банк-РИКА» ААҚ басқарма төрағасы, «Облтрансгаз» ЖАҚ президенті, «Ақтөбегаз» ЖАҚ басқарма төрағасы. 2000-2003 жылдары - Мұғалжар ауданының әкімі. 2003-2004 жылдары Ақтөбе облыстық сыртқы экономикалық байланыстар басқармасының бастығы. 2004-2005 жылдары - Ақтөбе облысы ішкі саясат департаментінің директоры. 2006-2014 жылдары - ҚР Президенті Әкімшілігінде мемлекеттік инспектор, мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру жұмыстары бөлімі меңгерушісінің орынбасары. Қазіргі қызметінде - 2014 жылғы мамыр айынан бері. 40 жыл бұрын (1974) Қазақстан Республикасының Грекия Республикасындағы істері бойынша уақытша сенімді өкілі НҰРТАЕВ Сергей Нұртайұлы дүниеге келді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігінің үшінші хатшысы, 2002-2004 жылдары Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшілігінің үшінші хатшысы, 2004 жылдың наурыз айынан Қазақстан Республикасының Санкт-Петербор қаласындағы Бас консулы болып қызметтер атқарған. 2007 жылдан - Қазақстан Республикасының Грекия Республикасындағы істері бойынша уақытша сенімді өкілі. 200 жыл бұрын (1814-1894) бельгиялық дирижер, саксофонды және саксгорнды жасаушы өнертапқыш Адольф Антуан Жозеф САКС дүниеге келді. 163 жыл бұрын (1851-1902) журналист, Доу-Джонс индексін жасаушылардың бірі, The Wall Street Journal басылымның негізін қалаушы Чарльз ДОУ дүниеге келді. 78 жыл бұрын (1936-2003) кеңестік және молдаван кинорежиссері ЛОТЯНУ Эмиль Владимирович дүниеге келді.