6 қараша. ҚазАқпарат күнтізбесі
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2018 жылғы 6 қарашаға арналған күнтізбесін ұсынады.

6 қараша. СЕЙСЕНБІ
Тәжікстан Республикасында конституция күні
Тәжікстанның қазіргі конституциясы КСРО күйрегеннен және Тәжікстан тәуелсіз мемлекет атанғаннан кейін 1994 жылы қабылданған.
Халықаралық қарулы қақтығыстар кезінде қоршаған ортаны сақтау күні
БҰҰ Бас Ассамблеясының 2001 жылғы 5 қарашадағы 56/4 қарары бойынша атап өтіледі. Бұл шешімді қабылдауда БҰҰ қарулы қақтығыстардың қоршаған ортаға тигізетін кері әсері ұзақ уақытқа дейін экожүйе мен табиғи ресурстарға зиянын тигізетінін негізге алды.
Доминикан Республикасының Конституция күні
Конституция 1844 жылы 6 қарашада Сан-Кристобаль қаласында қабылданды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1992 жылы Алматыдағы Райымбек батыр көшесінің бойындағы зиратта атақты әнші Әміре Қашаубаевқа қойылған ескерткіш-құлпытастың ашылу салтанаты болды.
2004 жылы Астана қаласының әкімдігі мен Сеул қаласының мэрі Қазақстан мен Корея республикаларының астаналары арасында бауырластық қатынас орнату жөніндегі келісімге қол қойды. Бұл - сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық, сонымен қатар қалалық инфрақұрылым мәселелеріндегі өзара іс-қимыл жөніндегі келісім.
2007 жылы Каир қаласында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Мысыр Араб Республикасының Үкіметі арасында Каир қаласында Бейбарыс сұлтанның мешітін қалпына келтіру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге» қол қойылды. Бұл құжаттың негізінде Қазақстан, XIII ғасырда салынған нысандардың бастысы және ортағасырлық сәулет өнерінің жауһар ескерткіші саналатын бұл мешітті қалпына келтіруге 4,5 млн АҚШ доллары көлемінде қаржы бөліп отыр.
2009 жылы Алматыда «Өрлеу» жас балет әртістерінің театры ашылды. Театр А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің 75 жылдығына орай ашылған.
2009 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Италия Республикасына ресми сапары аясында Қазақстан мен Италия арасында Стратегиялық әріптестік туралы шартқа қол қойылды.
2015 жылы Парижде өтіп жатқан ЮНЕСКО Бас конференциясының 38-сессиясында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. Ұйымның 70 жылдығына арналған сессия мерейтойлық сипатта өтті. Күнтәртібінде бағдарлама және бюджетті бекіту, ЮНЕСКО-ның қазіргі кездегі өзекті мәселелерін шешуге, оның ішінде 2015 жылдан кейінгі кезеңде орнықты даму мақсатын іске асыру үдерісіне қатысу мәселелері қаралды.
2016 жылы Жапонияда ҚР Президенті Н.Назарбаевтың құрметіне ресми түрде ең әдемі деп танылған бақытгүлінің (хризантема) жаңа түрі шығарылды.
2016 жылы Қазақстан Президенті Жапония Императоры Акихитомен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан мен Жапония арасындағы қазіргі қарым-қатынастың ахуалы және оны алдағы уақытта қарқынды дамыту перспективалары талқыланды.
2017 жылы жапон қоғамдастығына алғаш рет «Президент Назарбаев» деп аталатын хризантема сұрпы ұсынылды. Бұл гүл 2016 жылы Мемлекет басшысының Жапонияға жасалған ресми сапары барысында өсіріліп, таныстырылған болатын. «Президент Назарбаев» хризантемасы биіктігі 2 метрге дейін жетеді, тығыз орналасқан күлтелерімен және адамның басына тең келетіндей сары түйнегінің көлемімен ерекшеленеді.
2017 жылы Малайзияның Кучинге қаласында қазақстандық велошабандоз Кирилл Казанцев маунтинбайктан Азия кубогының жеңімпазы атанды.