6 қараша. ҚазАқпарат күнтізбесі
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2021 жылғы 6 қарашаға арналған күнтізбесін ұсынады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Бүкіләлемдік еркектер күні
Бұл күнді мерекелеу 2000 жылы ұсынылды. Бастаманы Біріккен Ұлттар Ұйымы мен басқа да халықаралық ұйымдар өкілдері қолдаған. Сол кезден бастап Бүкіләлемдік еркектер күні көптеген елдерде қарашаның бірінші сенбісінде атап өтілуде.
Халықаралық қарулы қақтығыстар кезінде қоршаған ортаны сақтау күні
БҰҰ Бас Ассамблеясының 2001 жылғы 5 қарашадағы 56/4 қарары бойынша атап өтіледі. Бұл шешімді қабылдауда БҰҰ қарулы қақтығыстардың қоршаған ортаға тигізетін кері әсері ұзақ уақытқа дейін экожүйе мен табиғи ресурстарға зиянын тигізетінін негізге алды.
Адам қолынан өлген жануарларды еске алу күні
Атаулы күннің басты міндеті – қоғамның назарын жануарларға қатыгездік мәселесіне аудару. 1987 жылы қабылданған Үй жануарларын қорғау жөніндегі еуропалық конвенция адамның жануарларға моральдық қарызының болуын мойындайды және көптеген елде жануарларға қатыгездік жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Алайда күні бүгінге дейін бүкіл әлемдегі жануарлар адам қатыгездігінің құрбаны болуда. Сондықтан, жануарлар құқығын қорғаушылардың бастамасымен адам қолынан өлген жануарларды еске алу күні белгіленді.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1992 жылы Алматыдағы Райымбек батыр көшесінің бойындағы зиратта атақты әнші Әміре Қашаубаевқа қойылған ескерткіш-құлпытастың ашылу салтанаты болды.
2004 жылы Астана қаласының әкімдігі мен Сеул қаласының мэрі Қазақстан мен Корея республикаларының астаналары арасында бауырластық қатынас орнату жөніндегі келісімге қол қойды. Бұл - сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық, сонымен қатар қалалық инфрақұрылым мәселелеріндегі өзара іс-қимыл жөніндегі келісім.
2007 жылы Каир қаласында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Мысыр Араб Республикасының Үкіметі арасында Каир қаласында Бейбарыс сұлтанның мешітін қалпына келтіру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге» қол қойылды. Бұл құжаттың негізінде Қазақстан, XIII ғасырда салынған нысандардың бастысы және ортағасырлық сәулет өнерінің жауһар ескерткіші саналатын бұл мешітті қалпына келтіруге 4,5 млн АҚШ доллары көлемінде қаржы бөліп отыр.
2009 жылы Алматыда «Өрлеу» жас балет әртістерінің театры ашылды. Театр А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің 75 жылдығына орай ашылған.
2014 жылы Қазақстанның Қоғаммен байланыс жөніндегі ұлттық қауымдастығы Халықаралық қоғаммен байланыс кеңесшілерінің ұйымына (ІССО) мүше болды. Бұл Қазақстанның әлемдік PR-қоғамдастықтың бір бөлшегі болуына жол ашып, елдегі коммуникация индустриясын дамытуға елеулі ықпал етеді.
2014 жылы Барселонада өткен балалар мен жасөспірімдер шығармашылығының бірінші халықаралық «HOLO, BARSELONA!» фестиваль-байқауында «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілері 3 бірдей бірінші орынды жеңіп алды. Балалар бірегей жанр, вокал және хореография бойынша байқауларға қатысты. Сайыстың барлық үш түрі бойынша олар бірінші орынға ие болды.
2015 жылы Жезқазғанда «Машина жасау әскери-өнеркәсіп корпорациясы ғылыми-өндірістік бірлестігі» АҚ қызметкерлері жергілікті тарихи-өлкетану музейіне «Союз ТМА-18М» ғарыш кемесінің тұмсық бөлігінің есігінің бір бөлігі сыйға тартылды. Онымен бірге оны растайтын сертификат, қазақстандық Айдын Айымбетов, даниялық Андреас Могенсен және ресейлік Геннадий Падалканың ғарыш сапарынан оралған сәтті 2015 жылғы 12 қыркүйекте Жезқазған түбінде түскен суреті табыс етілді.
2017 жылы жапон қоғамдастығына алғаш рет «Президент Назарбаев» деп аталатын хризантема сұрпы ұсынылды. Бұл гүл 2016 жылы Мемлекет басшысының Жапонияға жасалған ресми сапары барысында өсіріліп, таныстырылған болатын. «Президент Назарбаев» хризантемасы биіктігі 2 метрге дейін жетеді, тығыз орналасқан күлтелерімен және адамның басына тең келетіндей сары түйнегінің көлемімен ерекшеленеді.
2018 жылы Астанада ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен түсірілген «Алаш туы астында» деректі фильмінің тұсауы кесілді. Фильмнің жұмыс тобы Алаш қайраткерлерінің ізімен Семейдің Алаш қаласы аталған аумағында, Мәскеудегі Кремль, Санкт-Петербургтегі Дума отырыстары өткен Таврия сарайында, Смольныйда, Санкт-Петербург, Қазан университетінде, Уфадағы мемлекеттік мәжіліс өткен бұрынғы «Сібір» қонақүйінде түсіру жұмыстарын жүргізді. Деректі туынды «Оян, қазақ!», «Жарияланбаған автономия» және «Қатерлі өткел» секілді үш бөлімнен тұрады.
2018 жылы «Astana Hub» халықаралық ІТ-стартаптар технопаркі ресми іске қосылды. Astana Hub миссиясы - ел экономикасын нығайту үшін стартап-мәдениетті дамыту және жоғары технологиялық жобаларды қолдау. Алдағы уақытта технопарк Қазақстан инновациясының экожүйесін дамытудың өзегі әрі локомотивіне айналып, технологиялық бизнесті дамыту үшін халықаралық деңгейде мойындалған хаб болуы қажет.
2019 жылы Ресейдің Омбы қаласының Ленин көшесіндегі Қазақстан консулдығы жанында омбылық суретші Амангелді Шәкеновтің мүсіні орнатылды. Ескерткішті Санкт-Петербургтен келген мүсінші Мейрам Баймұханов қола мен граниттен жасаған. Орындықта ойға шомып отырған Амангелді Шәкеновтің мүсіні мен оның артына мольберт тұр. Тұғырға «Амангелді Шәкеновке - суретші және ұстазға» деп жазылған. Шығармашылық өмірінде суретші көптеген туындылар салды. Оның еңбектері Алматыдағы Ә.Қастеев музейінде, Президенттік мәдениет орталығында, Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР Өнер академиясы қорында және жеке топтамаларда сақтаулы.
2020 жылы Грузияның Рустави қаласында Квемо-Картли және Мцхета-Мтианети аймақтарын қамтитын консулдық округі бар Қазақстанның құрметті консулдығы ашылды.
Қазақстанның Руставидегі құрметті консулы Георгий Джахуташвили өз сөзінде ол басқаратын кеңсенің Қазақстан мен Грузия арасында экономикалық, мәдени, спорттық, білім беру байланыстарын дамытуға толық көмек көрсететінін айтып сендірді. Құрметті консулдық сондай-ақ заманауи Қазақстанға қызығушылық танытып отырған грузиялық азаматтар үшін жаңа ақпараттық орталыққа айналуы тиіс.