6 қараша. Жылнама
Бүгін, 6 қараша күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Халықаралық қарулы қақтығыстар кезінде қоршаған ортаны сақтау күні
БҰҰ Бас Ассамблеясының 2001 жылғы 5 қарашадағы 56/4 қарары бойынша аталып өтеді. Бұл шешімді қабылдауда БҰҰ қарулы қақтығыстардың қоршаған ортаға тигізетін кері әсері ұзақ уақытқа дейін экожүйе мен табиғи ресурстарға зиянын тигізетінін негізге алды.
Адам қолынан өлген жануарларды еске алу күні
Атаулы күннің басты міндеті – қоғамның назарын жануарларға қатыгездік мәселесіне аудару. 1987 жылы қабылданған Үй жануарларын қорғау жөніндегі еуропалық конвенция адамның жануарларға моральдық қарызының болуын мойындайды және көптеген елде жануарларға қатыгездік жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Алайда, күні бүгінге дейін бүкіл әлемде жануарлар адам қатыгездігінің құрбаны болып келеді. Сондықтан, жануарлар құқығын қорғаушылардың бастамасымен адам қолынан өлген жануарларды еске алу күні белгіленді.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1992 жылы Алматыдағы Райымбек батыр даңғылының бойындағы зиратта атақты әнші Әміре Қашаубаевқа ескерткіш-құлпытас орнатылды.
2004 жылы Астана қаласының әкімдігі мен Сеул қаласының мэрі Қазақстан мен Корея Республикаларының астаналары арасында бауырластық қатынас орнату жөніндегі келісімге қол қойды. Бұл – сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық, сонымен қатар қалалық инфрақұрылым мәселелеріндегі өзара іс-қимыл жөніндегі келісім.
2007 жылы Каир қаласында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Мысыр Араб Республикасының Үкіметі арасында Каир қаласындағы Бейбарыс сұлтанның мешітін қалпына келтіру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге» қол қойылды. Бұл құжаттың негізінде Қазақстан, XIII ғасырда салынған нысандардың бастысы және ортағасырлық сәулет өнерінің жауһар ескерткіші саналатын бұл мешітті қалпына келтіруге 4,5 млн АҚШ доллары көлемінде қаржы бөліп отыр.
2009 жылы Алматыда «Өрлеу» жас балет әртістерінің театры ашылды. Театр А. Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің 75 жылдығына орай ашылған.
2014 жылы Қазақстанның Қоғаммен байланыс жөніндегі ұлттық қауымдастығы Халықаралық қоғаммен байланыс кеңесшілерінің ұйымына (ІССО) мүше болды. Бұл Қазақстанның әлемдік PR-қоғамдастықтың бір бөлшегі болуына жол ашып, елдегі коммуникация индустриясын дамытуға елеулі ықпал етеді.
2014 жылы Барселонада өткен балалар мен жасөспірімдер шығармашылығының бірінші халықаралық «HOLO, BARSELONA!» фестиваль-байқауында «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілері үш 1-орынды жеңіп алды. Балалар бірегей жанр, вокал және хореография бойынша байқауларға қатысты.
2015 жылы Жезқазғанда «Машина жасау әскери-өнеркәсіп корпорациясы ғылыми-өндірістік бірлестігі» АҚ қызметкерлері жергілікті тарихи-өлкетану музейіне «Союз ТМА-18М» ғарыш кемесінің тұмсық бөлігінің есігінің бір бөлігін сыйға тартты. Сонымен бірге, оны растайтын сертификат, қазақстандық Айдын Айымбетов, даниялық Андреас Могенсен және ресейлік Геннадий Падалканың ғарыш сапарынан оралған сәтте, яғни 2015 жылғы 12 қыркүйекте Жезқазған түбінде түскен суреті табыс етілді.
2018 жылы Астанада ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен түсірілген «Алаш туы астында» деректі фильмінің тұсауы кесілді. Фильмнің жұмыс тобы Алаш қайраткерлерінің ізімен Семейдің Алаш қаласы аталған аумағында, Мәскеудегі Кремль, Санкт-Петербургтегі Дума отырыстары өткен Таврия сарайында, Смольныйда, Санкт-Петербург, Қазан университетінде, Уфадағы мемлекеттік мәжіліс өткен бұрынғы «Сібір» қонақүйінде түсіру жұмыстарын жүргізді. Деректі туынды «Оян, қазақ!», «Жарияланбаған автономия» және «Қатерлі өткел» секілді үш бөлімнен тұрады.
2018 жылы «Astana Hub» халықаралық ІТ стартаптар технопаркі ресми іске қосылды. Astana Hub миссиясы – ел экономикасын нығайту үшін стартап мәдениетті дамыту және жоғары технологиялық жобаларды қолдау. Алдағы уақытта технопарк Қазақстан инновациясының экожүйесін дамытудың өзегі әрі локомотивіне айналып, технологиялық бизнесті дамыту үшін халықаралық деңгейде мойындалған хаб болуы қажет.
2019 жылы Ресейдің Омбы қаласының Ленин көшесіндегі Қазақстан консулдығы жанында омбылық суретші Амангелді Шәкеновтің мүсіні орнатылды. Ескерткішті Санкт-Петербург мүсіншісі Мейрам Баймұханов қола мен граниттен жасаған. Орындықта ойға шомып отырған Амангелді Шәкеновтің мүсіні мен оның артында мольберт тұр. Тұғырында «Амангелді Шәкеновке – суретші және ұстазға» деп жазылған. Шығармашылық өмірінде суретші көптеген туындылар салды. Оның еңбектері Алматыдағы Ә. Қастеев музейінде, Президент мәдениет орталығында, Астанадағы ҚР Өнер академиясы қорында және жеке топтамаларда сақтаулы.
2020 жылы Грузияның Рустави қаласында Квемо-Картли және Мцхета-Мтианети аймақтарын қамтитын консулдық округі бар Қазақстанның құрметті консулдығы ашылды. Қазақстанның Руставидегі құрметті консулы Георгий Джахуташвили өз сөзінде ол басқаратын кеңсенің Қазақстан мен Грузия арасында экономикалық, мәдени, спорттық, білім беру байланыстарын дамытуға толық көмек көрсететінін айтып сендірді. Құрметті консулдық, сондай-ақ заманауи Қазақстанға қызығушылық танытып отырған грузиялық азаматтар үшін жаңа ақпараттық орталыққа айналуы тиіс.
2023 жылы таэквондодан Қазақстан әйелдер құрамасы Исламабадта (Пәкістан) өткен Asian Open Championship халықаралық турнирінде командалық есепте бірінші орынды иеленсе, ерлер құрамасы бұл жарысты үшінші орынмен аяқтады. Мәртебелі жарыстарда қазақстандық таэквондошылар бес алтын, бір күміс және жеті қола медаль жеңіп алды.