6 қыркүйек күнгі ауа райы болжамы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Оңтүстік циклонның өтуіне байланысты 6 қыркүйек күні Қазақстанның басым бөлігінде құбылмалы күн райы сақталады. Кей жерлерде жаңбыр жауып, найзағай, дауыл күтіледі. Сондай-ақ екпінді жел тұрып, бұршақ жаууы ықтимал. Батыста және солтүстікте тұман болжанады. Батыс өңірде ғана ауа райы жауын-шашынсыз болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

6 қыркүйек күнгі ауа райы болжамы

«Қазгидромет» РМК мәліметінше, Солтүстік Қазақтан облысында 15-20 м/с екпінмен соққан желдің күші 23-28 м/с ұлғаяды. Кей жерлерде тұман, дауыл күтіледі.

Ақмола, Қостанай, Алматы, таңертең және күндіз Қызылорда, күндіз Жамбыл, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарының кей жерлерінде жел 15-20 м/с күшейеді. Ақмола және Түркістан облыстарында бұршақ жаууы ықтимал.

Павлодар облысының кей жерлерінде тұман күтіледі, 15-20 м/с жылдамдықта жел тұрады.

Қарағанды облысының кей жерлерінде жел 15-20 м/с күшейіп, дауыл тұрады.

Батыс Қазақстан облысының кей жерлерінде тұман күтіледі.

Сондай-ақ Түркістан, Атырау, Қызылорда, Жамбыл облыстарында, Қарағанды облысының кей жерлерінде, Алматы және Ақтөбе облыстарының жекелеген аудандарында өте жоғары өрт қаупі сақталады.