6 қыркүйекте ел бойынша Олимпиада күні кең көлемде аталып өтілмек
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің барлық өңірлерінде, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында 6 қыркүйекте Олимпиада күні атап өтіледі. Шара ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті, Мәдениет және спорт министрлігі және Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) ұйымдастыруымен өтеді.
Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық Олимпиада комитетінің Астана қалалық филиалының төрағасы Қуандық Елжанов мәлім етті. Оның айтуынша, Астанада 6 қыркүйек күні сағат 10:00-де Мәдениет және демалыс саябағында (орталық жаңа саяжолда) басталады. «Олимпиада күні спорттық қабілеттерімізге қарамастан, баршамызға арналған және өзі қарапайым жүгіру немесе спорттық іс-шараны емес, одан да маңыздырақ мағынаны береді. Аталған шара «Қозғал! Зертте! Жаңалық аш!» деген үш тұжырымдама төңірегінде жүргізіледі», - деп атап өтті Қ.Елжанов. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, қазіргі Олимпиада күні - қозғалыстың туған күні дәстүр бойынша жүгірумен өткізіледі. Жоғарыда аталған алаңда 8-11 сынып оқушылары арасындағы 800 метрге жүгіру екі кезеңмен өтеді. Қыздар арасындағы жүгіру сағат 10.20-да, ал ұлдар арасында 10.40-та басталады. Колледж және арнайы орта білім орындарының оқушылары арасында 800 метрге жүгіру сәйкесінше 11.00-де және 11.20-да өтеді. 1200 метрлік үшінші жеке жүгіріс сағат 11:45-те басталады. Оған жоғары оқу орындарының студенттері, министрліктер мен ведомстволар, қарулы күштер қызметкерлері, ҚР Парламенті депутаттары, елшілік қызметкерлері, Олимпиада чемпиондары, БАҚ өкілдері және қатысуға ниетті барлық адамдар қатыса алады. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында арбада отырып 100 метрге жарысу да ұйымдастырылады. Сонымен қатар Олимпиада күніне қатысушылар үшін белсенді бағдарлама жоспарлануда. Соның бірі - 5-10 жастағы балалар арасында «Олимпиадалық сайыс» атты асфальтқа сурет салу байқауы өтеді.