6 маусымда Қазақстанның шығысында жаңбыр жауып, бұршақ түсуі мүмкін, жел күшейеді - синоптиктер
АСТАНА. 5 маусым. ҚазАқпарат - Циклон және оған байланысты атомосфералық фронттар 6 маусым күні Қазақстан аумағының шығыс бөлігінде өзінің әсерін сақтап қалады, деп хабарлайды Қазгидрометке сілтеме жасаған ТЖМ-нің баспасөз қызметінен.
Мұнда жаңбыр жауады, кейбір аудандарда күшті жаңбыр күтіледі, бұршақ түсуі мүмкін, найзағай ойнап, жел күшейеді, кейбір жерлерде шаңды дауыл тұрады.
Республиканың батыс аумақтарындағы ауа райы антициклонның ықпалымен шуақты, ыстық болады.
Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарында кейбір жерлерде желдің жылдамдығы секундына 17-22 метрге дейін күшейеді, түнде 25 м/с дейін жетеді.
Маңғыстау, Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, күндіз Атырау облыстарында кейбір жерлерде жел 15-20 м/с дейін күшейеді, Шығыс Қазақстан облысында шаңды дауыл болады.
Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында кейбір жерлерде күн қатты ыстық болады деп күтілуде.
Қызылорда, Маңғыстау облыстарында кей жерлерде төтенше жоғары өрт қауіптілігі сақталады.
Жақын тәуліктерде республиканың оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығысында су деңгейінің ауытқулары күтілуде.
Естеріңізге сала кетейік, Қазгидромет бұған дейін 6 маусым күні күндіз Шығыс Қазақстан облысында күннің 31-36°С-қа дейін ыстық болатыны туралы ескерту жасаған.