6 млн бөлу 85: Шенеунік төмен айлықпен көлік алу жолын есептеп берді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда құрастырылған ең арзан көлік шамамен 6 млн теңге тұрады. Ал 85 мың теңге айлық алатын азамат оны алу үшін қанша уақыт ақша жинауы керек? Өнеркәсіп комитетінің басшысы Азамат Панбаев осы сұраққа жауап берді.

— Қазақстанда автокөлік өндірісімен 8 өнеркәсіптік кешен айналысады. Оның екеуі жеңіл автокөлік өндірісіне бағдарланған. Былтыр кешендердің өндіріс көлемі 134 мыңға жетті. Ең төменгі бағадағы автокөліктің құны 6 миллионға жуық, қателеспесем, — дейді ол.
БАҚ өкілі Үкімет отырысынан кейінгі брифингіде шенеунікке: «85 мың теңге айлық алатын қазақстандық ең арзан отандық көлікті алу үшін қанша уақыт ақша жинауы керек?» - деген сауал қойды.
— Ол сұрақ біздің құзіретімізде емес. Бірақ математикалық тұрғыдан алсаңыз, 6 миллион теңгені 85-ке бөлесіз ғой, — деп жауап берді Комитет басшысы.
Айта кетейік, бұған дейін Қостанайда автокөлік құрастыру көлемі артатыны жайлы жазған едік.