6 наурыз. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 6 наурыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

6 наурыз. Тұлғалар туған күн
Фото: Kazinform/ Midjourney

69 жыл бұрын (1956) Қазақстанның сот жүйесінде төрелік сот жүйесінің негізін қалаушының бірі Моряк Смағұлұлы ШЕГЕНОВ дүниеге келді.

Моряк Смағұлұлы ШЕГЕНОВ
Фото: egemen.kz

Қарағанды облысы Шет ауданында туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

1983-1989 жылдары Жезқазған облыстық кәсіподақ кеңесінің нұсқаушысы, Жезқазған көлік прокурорының көмекшісі; 1989-1992 жылдары Жезқазған қалалық сотының судьясы, 1992-1995 жылдары Жезқазған облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы, 1995-2009 жылдары Қарағанды облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы, судьясы қызметтерін атқарған. 2009-2019 жылдары ҚР Жоғарғы сотының судьясы болды.

55 жыл бұрын (1970) ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлері Әуе шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы Алмаз Жеңісұлы ЖҰМАКЕЕВ дүниеге келді.

 Алмаз Жеңісұлы ЖҰМАКЕЕВ
Фото: Gov.kz

Қырғызстанда туған. 1992 жылы Ленин комсомолы атындағы Рязань жоғары әуе-десант командалық училищесін, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери академиясын бітірген.

Әскери қызметін барлау взводы командирінен бастаған. Штабтық рота, батальон, бригада командирі болған. 2015-2016 жылдары ҚР ҚМ ШБК Жауынгерлік дайындық және әскер қызметі департаментінің бастығы, «Астана» өңірлік қолбасшылығында штаб бастығы, Құрлық әскерлері Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары лауазымдарын атқарған. Десантты-шабуылдаушы бригаданың командирі. ҚР Қарулы Күштеріндегі аэроұтқыр әскерлер қолбасшысы, 2016-2018 жылдары ҚР Қарулы Күштерінің Десант-шабуылдаушы әскерлерінің қолбасшысы, ҚР Қарулы Күштері Құрлықтағы әскерлері бас қолбасшысының әскери дайындық жөніндегі орынбасары — ҚР ҚК Құрлықтағы әскерлер Бас қолбасшысы басқармасының әскери дайындық жөніндегі бас басқармасының бастығы, 2018-2021 жылдары ҚР Қарулы Күштері Бас штабының әскери дайындық департаментінің бастығы болды.

Қазіргі қызметін 2023 жылдың наурыз айынан бері атқарып келеді.

ІІ дәрежелі «Даңқ», ІІ дәрежелі «Айбын» ордендерімен, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің басқа да наградаларымен марапатталған.

50 жыл бұрын (1975)белгілі журналист Айгүл Адиятоллакызы МҮКЕЙ дүниеге келді.

Айгүл Адиятоллакызы МҮКЕЙ
Фото: elorda.info

Целиноград қаласында туған. 1996 жылы Ақмола мемлекеттік педагогикалық университетінің филология факультетін, 2002 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының кино факультетін бітірген.

Еңбек жолы: 1992 жылы «Эфир» телекомпаниясының редакторы, жүргізушісі (Ақмола қаласы), 1999-2008 жылдары «Хабар» Агенттігі» АҚ жүргізушісі, журналисі, Ақпараттық бағдарламалар дирекциясы директорының орынбасары, 2008-2014 жылдары «Хабар» Агенттігі» АҚ «Ел арна» телеарнасының директоры — Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының аға оқытушысы — «ТВ продюсерлері» шеберханасының жетекшісі. 2014 жылы «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы баспасөз қызметінің басшысы, маркетинг департаменті директорының орынбасары болды. 2015 жылғы желтоқсаннан SNC Kazakhstan журналының бас редакторы қызметін атқарды. Бас редакторлар клубының вице-президенті, «Томирис» іскер әйелдер клубының мүшесі, 2023 жылы «Без прикрас» бағдарламасының жүргізушісі, «Jibek Joly» телеарнасының әйелдерге арналған жаңа «ÖZGER» бағдарламасында жүргізуші Айгүл Мүкей аймақтардағы сюжет кейіпкерін тауып, оның қызықты өмір тарихын ашып, трансформация арқылы қиын өмірлік жағдайдан шығуға көмектеседі.

«Құрмет» орденімен, «Астананың 10 жылдығы» медалімен марапатталған.

48 жыл бұрын (1977) Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Айдын Тоқтарұлы ҚАБДҰЛДИНОВ дүниеге келді.

Айдын Тоқтарұлы ҚАБДҰЛДИНОВ
Фото: Gov.kz

Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл ауданында туған. 1998 жылы ҚР ІІМ Алматы Заң институтын аяқтаған.

Еңбек жолы: 2000-2004 жылдары Өскемен қалалық ішкі істер басқармасының тергеушісі болды, 2004-2012 жылдары Алматы қалалық ішкі істер органдарында қызмет атқарды. 2012-2020 жылдары Алматы қалалық ІІД Ішкі қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, бастығы, 2020-2022 жылдары Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары лауазымын атқарған.

Қазіргі қызметінде 2022 жылдың қаңтарынан бері.

40 жыл бұрын (1985) Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Арысбекұлы БЕРДЕНОВ дүниеге келді.

Руслан АрысбекұлыБЕРДЕНОВ
Фото: Gov.kz

Шымкент қаласында туған. 2006 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін менеджмент мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 2005 жылы «Алматы Құс» ААҚ, 2007-2010 жылдары «Procter & Gamble» ЖШС бас логистикалық үйлестірушісі, 2010-2012 жылдары «EASTCOMTRANS» ЖШС жылжымалы құрамды жалға беру бөлімінің бастығы, 2012-2018 жылдары «АК НИЕТ» ЖШС бас директоры, 2018-2019 жылдары «АК НИЕТ» ЖШС бақылау кеңесінің мүшесі, 2019-2023 жылдары Aq Niet Group бақылау кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарды. 2023-2025 жылдары VIII сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі болды.

2025 жылдың ақпан айынан бастап қазіргі қызметінде.

Соңғы жаңалықтар