6 наурыз. Туған күн иелері
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 6 наурыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
ЕСІМДЕР
63 жыл бұрын (1956) Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьясы Моряк Смағұлұлы ШЕГЕНОВ дүниеге келді.
Қарағанды облысы Шет ауданында туған. Ебіней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген. 1983-1989 жылдары - Жезқазған облыстық кәсіподақ кеңесінің нұсқаушысы, Жезқазған көлік прокурорының көмекшісі. 1989-1992 жылдары - Жезқазған қалалық сотының судьясы. 1992-1995 жылдары - Жезқазған облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы. 1995-2009 жылдары - Қарағанды облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы, судьясы қызметтерін атқарған. 2009 жылдың қыркүйегінен бастап - қазіргі қызметінде.
49 жыл бұрын (1970)ҚР Қарулы Күштері Бас штабының әскери дайындық департаментінің бастығы Алмаз Жеңісұлы ЖҰМАКЕЕВ дүниеге келді.
Қырғызстанда туған. 1992 жылы Ленин комсомолы атындағы Рязань жоғары әуе-десант командалық училищесін, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери академиясын бітірген. Әскери қызметін барлау взводы командирінен бастаған. Штабтық рота, батальон, бригада командирі болған. ҚР ҚМ ШБК Жауынгерлік дайындық және әскер қызметі департаментінің бастығы, «Астана» өңірлік қолбасшылығында штаб бастығы, Құрлық әскерлері Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары лауазымдарын атқарған. Десантты-шабуылдаушы бригаданың командирі. ҚР Қарулы Күштеріндегі аэроұтқыр әскерлер қолбасшысы (2015-2016); ҚР Қарулы Күштерінің Десант-шабуылдаушы әскерлерінің қолбасшысы (2016-2018); ҚР Қарулы Күштері Құрлықтағы әскерлері бас қолбасшысының әскери дайындық жөніндегі орынбасары - ҚР ҚК Құрлықтағы әскерлер Бас қолбасшысы басқармасының әскери дайындық жөніндегі бас басқармасының бастығы (2018).
Қазіргі лауазымын атқаруға 2018 жылғы желтоқсанда кірісті.
Екінші дәрежелі «Айбын» және «Даңқ» мемлекеттік ордендерімен марапатталған.
44 жыл бұрын (1975) белгілі журналист Айгүл Адиятоллакызы МҮКЕЙ дүниеге келді.
Целиноград қаласында туған. Ақмола мемлекеттік педагогикалық университетінің филология факультетін (1996) орыс тілі және әдебиеті пәнінің оқытушысы мамандығы бойынша; Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының кино факультетін (2002) телевизияның автор-түсініктемешісі мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 1992 жылдан - «Эфир» телекомпаниясының редакторы, жүргізушісі (Ақмола қаласы). 1999 жылдан - «Хабар» Агенттігі» АҚ жүргізушісі, журналисі, Ақпараттық бағдарламалар дирекциясы директорының орынбасары. 2008-2014 жылдары - «Хабар» Агенттігі» АҚ «Ел арна» телеарнасының директоры - Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының аға оқытушысы - «ТВ продюсерлері» шеберханасының жетекшісі; 2014 жылдан - Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы баспасөз қызметінің басшысы, маркетинг департаменті директорының орынбасары. 2015 жылғы желтоқсаннан SNC Kazakhstan журналының бас редакторы болды.