6 Олимпиада чемпионы қатысқан «Гран-При» турнирінде қазақстандықтар жүлдеден құр қалды

Қазақстан намысын 9 спортшы қорғады. Өкінішке қарай жерлестеріміздің барлығы жеңіс тұғырына көтеріле алмады.
Бірден айта кетейік, аталмыш додада Олимпиада ойындарының 6 чемпионы бақ сынады.
Қысқаша тоқталып өтсек, ерлер арасындағы қазіргі Олимпиада чемпиондары Хоэль Гонсалес (Испания), Сервет Тазегюль (Түркия), Себастьян Крисманич (Аргентина), Карло Мольфетта (Италия) бәсекенің көрігін қыздырды. Олардың арасында сондай-ақ 2000 және 2004 жылғы Олимпиада жеңімпазы американдық Стивен Лопес те бар. Ал әйелдер арасынан екі дүркін әлем чемпионы және екі дүркін Олимпиада чемпионы қытайлық У Цзиньюй (2008, 2012) өнер көрсетті.
Сондай-ақ Астана тұрғындары Аарон Кук (Англия, үш дүркін әлем чемпионы), Даба Модибо Кейта (Мали, екі дүркін әлем чемпионы), Альберт Гаун (Ресей, әлем чемпионы), Шарлот Роуз Крейг (АҚШ, әлем чемпионы мен Олимпиада ойындарының жүлдегері), Нұр Татар (Түркия, Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері), Мұхаммад Бахчери (Иран, Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері), Алексей Денисенко (Ресей, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері) сынды аты әлемге әйгілі спортшылардың өнерін тамашалады.
«Гран-При» додасының алғашқы күнінде-ақ, отандастарымыздың жол ы болмады. Төрт бірдей таэквондо шымыз қарсыластарына есе жіберді. Бұл күні ең үздік нәтижені 49 келіде Фариза Алдоңғарова көрсетті. Бірінші кездесуінде француз Хажер Мұстафадан басым түсіп, екінші сайысында әлемдік рейтингтегі екінші орында тұрған хорват Луси Заниновичтен ұтылып қалды.
67 келіде бақ сынаған екі бірдей таэквондошымыздың да жолы болмады. Құраманың көшбасшысы Феруза Ергешова мен Мереке Жүнісова алғашқы айналымда жеңіліс тапты. 80 келіде өнер көрсеткен Смайыл Дүйсебай да бірінші айналымнан әрі аса алмады.
Ал жарыстың екінші күні жергілікті жанкүйерлер жерлестерімізден зор үміт күткен болатын. Себебі, талай әлемдік бәсекелерде қанжығасы майланып жүрген 58 келіде өнер көрсететін Нұрсұлтан Мамаевқа бапкерлері де, жанкүйерлері де сенген еді. Бірақ, отандасымыз бірінші кездесуінде таиландтық Пенек Каракеттен айласын асыра алмады.
80 келіде Мақсат Әбдірамбек те өзбекстандық Максим Рафаловичтен ұтылып қалды. Әйелдер арасында 67 келідегі Гүлім Бибалаева қытайлық Юн Фей Гуден айласын асыра алмады.
Жарыстың соңғы күні бақ сынаған Әсел Қойлыбай мен Қайрат Сарымсақов та жүлдеден қол үзді. Әсел бірінші айналымда хорват қызы Мартин Зубчичке жол берсе, Қайрат бірінші айналымды жеңіспен бастаған еді. Алайда, екінші кездесуінде канадалық Сидхартха Бхаттан ұтылды. Осылайша жерлестеріміз өз шаршы алаңында бірде-бір жүлдеге қол жеткізе алмады.
Жарыста қарсылас шақ келтірмей жеңімпаз атанған спортшылар 5 000, екінші орын иеленген спортшылар 3 000, үшінші орынды еншілегендер 1 000 АҚШ долларын қалталарына басты.
Ал, жалпыкомандалық есепте қоржындары 2 алтын медальмен толыққан Қытай құрамасы бас жүлдені жеңіп алды. Екінші орынға 1 алтын 2 күміспен АҚШ құрамасы ие болса, үздік үштікті 1 алтын 1 күміс 1 қола медаль олжалаған Иран құрамасы түйіндеді.
Естеріңізге сала кетейік, 2013 жылы Халықаралық таэквондо федерациясы (WTF) «Әлемдік Гран-При сериясы» деп аталатын жаңа турнирдің тұсауын кескен болатын. Бұл турнирге әлемдік рейтингтің көшін бастап тұрған спортшылар қатысты.
Қазақстан таэквондо федерациясы өткен жылы бұл дүбірлі доданы елімізде өткізу туралы ұсыныс жасаған еді. 2014 жылдың 25 наурызында қытайлық Тайпейде өткен Халықаралық таэквондо федерациясының (WTF) ассамблеясында ұйым мүшелері бұл ұсынысты қарап, «Әлемдік Гран-При сериясының» екінші кезеңін елордамыз Астанада қаласында өткізу туралы шешім қабылдаған.
Айта кетейік, Тайпейде өткен ассамблеяға әлемнің 100-ден астам федерацияларының өкілдері қатысқан. Жиын барысында «Әлемдік Гран-При сериясы» кезеңін өткізуден өзге, алдағы уақытта бүкіл әлемде таэквондо спортын дамыту мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пара-таэквондо спортына көңіл бөлу туралы мәселелер де қарастырылған болатын.
Бұл жолғы бәсекеде спортшыларымыздың бағы жанбағанымен, бұл Қазақстан құрамасы үшін үлкен тәжрибе жинақтаудың бір мүмкіндігі болды.
Күнсұлтан Отарбай