6 шілде күні «Қазақстан» РТРК сазгер Р. Гайсиннің «Астана - мақтанышым» туындысының музыкалық көрсетілімін ұсынады (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - 6 шілде күні «Қазақстан» РТРК сазгер Ренат Гайсиннің «Астана - мақтанышым» туындысының музыкалық көрсетілімін ұсынады. Республикалық телерадиокорпорацияның және жас сазгердің ортақ туындысы Астана күніне арналады.
«Музыка жанның бақыланбайтын және асау жалынынан туындайды. Кенеттен туындаған шығарма ерекше бір әуезділікке ұласады. «Астана -мақтанышым» туындысының музыкалық нысаны қысқа мерзім ішінде туындаған шығарма. Себебі менің ішкі әлемімде Астана бұрыннан нота болып жазылған еді. Мысалы, мен Астанадан жырақта болған кезде оған деген сағынышым, мұңым минорлық күйде болатын. Ал осы қалада болған өмірімдегі ең керемет сәттер, жарқын оқиғалар мажорлық күйдегі көңіл күй», - дейді сазгер Р. Гайсин.
Нәзік әуезді «Астана - мақтанышым» туындысы фортепиано мен гармон тілінде өзен ағысын, кең даланың ауасы мен түнгі тыныштығын сипаттайды. Аталған туындыға бейнебаян түсіріліп қана қоймай, монтажы да аяқталды. Осы бейнебаянның тұсаукесері 6 шілде күні «Қазақстан» телеарнасынан көрсетіледі.
«Біз Астананы әлі ешкім көрмеген қырынан көрсетуге тырыстық, - деп еске түсіреді бейнебаян продюсері Жеңіс Тұматаев. - Сондықтан да қала ғимараттарын үстінен түсіруге мүмкіндік берген квадрокоптерді пайдаландық. Сондай-ақ, қала тұрғындарының таңдайын қаққызған бір сәт: үлкен рояльді серуендейтін катерге орналастырдық. Кеш бойы Есілдің сәнін ақ кеме, ақ кемеге орнатылған ақ рояль және ақ костюм киген музыкант кіргізді. Есілдің жағасы суретке түсіріп тұрған қала тұрғындарына толы болды».
Ренат Гайсиннің «Астана - мақтанышым» атты төрт минуттық композициясы «Қазақстан» Корпорациясының өткен жылдардағы Астана күніне тартқан сыйлықтарымен салыстыруға да келмейді. Естеріңізге сала кетейік, мұндай дәстүр үш жыл бұрын бастау алған еді. 2013 жылы Астана күніне орай Айман Мұсаходжаева «Жеке орындаушылар академиясы» Мемлекеттік камералық оркестірімен және «Айгөлек» скрипкашы балалар ансамблімен бірлесе отырып, аспапты туындыны сыйға тартқан еді. Өткен жылы «Қазақстан» РТРК халық шығармашылығының ансамблі орындаған түрлі музыка мен би бағыттарын жинақтаған арнайы бейнебаян ұсынған болатын.