6 ТАМЫЗ. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 6 тамызға арналған күнтізбесін ұсынады.
6 тамыз, СӘРСЕНБІ Ямайканың Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1962). Ямайка тәуелсіздігін 1962 жылғы тамыздың 6-сында алған. Ямайка - Орталық Америкада орналасқан мемлекет. Кариб теңізіндегі өзі аттас аралдар мен оған таяу шағын аралдарда орналасқан. Астанасы - Кингстон қаласы. Ресми тілі - ағылшын тілі. Ақша бірлігі - ямайка доллары. Мемлекет басшысы - Ұлыбритания королевасы Елизавета II. Үкімет басшысы - Премьер-Министр. Хиросима күні. Ядролық қаруға тыйым салу үшін күрестің бүкіләлемдік күні. 1945 жылы тамыздың 6-сында АҚШ ұшқышы Томас Фереби басқарған «Энола Гей» атты Б-29 әскери ұшақ Жапонияның Хиросима қаласына әлемдегі ең бірінші атом бомбасын тастады. Тарих қойнауына жүгінсек, осынау адамзат тарихындағы ең жауыздық іс-әрекеттің американ әскері үшін ешқандай қажеттілігі болмаған. Себебі соғыстың соңына қарай Жапония армиясы талқандалып, Тынық мұхиты айдынында АҚШ-қа еш қауіп төндірмеген. Ал бомба тастау үшін Хиросиманы арнайы таңдап алуы қаланың географиялық орналасуы, үш жағынан тау қоршап тұратындығы себеп болған. Бұл 20 килотонналық уран бомбасының өз күшін толық пайдаланып, ажал уын себуіне таптырмайтын нысана еді. Халықаралық «Дәрігерлер бейбітшілік үшін» күні. Хиросимаға бомба тасталған күннен бастап, «Әлем дәрігерлері ядролық соғысқа қарсы» халықаралық қозғалысы атқару комитетінің шешімі бойынша аталып өтіледі. Боливия Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздігін жариялаған күні (1825). Боливия - Оңтүстік Американың орталық бөлігінде орналасқан мемлекет. Солтүстігінде және батысында Бразилиямен, оңтүстік-шығысында Парагваймен, оңтүстігінде Аргентинамен, батысында Чили, Перумен шектеседі. Ресми астанасы - Сукре, ал іс жүзіндегі астанасы - Ла-Пас. Мемлекеттік тілі - испан, аймара, кечуа тілдері, дегенмен бұларға қарағанда үнді тілі ауқымды қолданылады. Ақша бірлігі - боливиано. Мемлекет басшысы - Президент. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 58 жыл бұрын (1956) КОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің «Мақта өндіруді арттыру үшін Өзбек КСР-і мен Қазақ КСР-інде Мырзашөлдің тың жерлерін суару және игеру туралы» Қаулысы қабылданды. 45 жыл бұрын (1969) Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен «Неке және отбасы» Кодексі бекітілді. 11 жыл бұрын (2003) Жамбыл облысының Қаратау қаласында фосфор саласының кеншілеріне арналған ескерткіш салтанатты түрде ашылды. 1937 жылғы бірінші геологиялық барлау экспедициясы кезінде Қаратау фосфорит алабының көлемі, сапасы және сипаты анықталды, ал 1941 жылы оларды өнеркәсiптiк игеру басталды. Бұл жерде бастапқысында Шолақтау кенті пайда болған, кен-химия комбинаты салынды, инфрақұрылым саласы дамыды, халықтың саны өсті. Кейіннен, 1963 жылы ауылға қала дәрежесін беру туралы шешім қабылданды. Бүгінгі Қаратау «Қазфосфат» ЖШС-ның бөлімшесі болып табылатын кен-химия комбинатының іске қосылуының арқасында ұзақ жылдардағы тоқыраудан кейін қайтадан жаңғырып келеді. 9 жыл бұрын (2005) Батыс Сiбiр және Оңтүстiк Орал темiр жолдарының тарихында тұңғыш рет Петропавл мен Омбы қалаларының арасында жүретін «Экспресс» жүрдек пойызы пайда болды. Жаңа жүрдек электрпойызының вагондары 1-шi, 2-шi және 3-шi санаттан тұрады. Ең жайлысы 1-ші санаттағы вагондар болып саналады. Оның ішінде жолаушылардың жайлы сезінуі үшін жұмсақ креслолар, олардың арасында үстелшелер, теледидар, бар орнатылған. 14 жыл бұрын (2010) Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы», «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы», «Қазақстан Республикасының патент заңы», «Жер астында және ашық жерде, аса зиянды және ауыр жұмыс жағдайында жұмыс істейтін тұлғаларға арнайы мемлекеттік жәрдемақы туралы» және «Қазақстан Республикасының «Шағын кәсіпкерлікті мемлкеттік қолдау туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңдары жарияланды. 125 жыл бұрын (1889) боксшылардың қолғапсыз соңғы айқасы өтті. Қазіргі бокс көне дәуірде белгілі болған жұдырықтасу айқастарының бірі. Б.з. дейінгі 4 ғасырда қазіргі қолғаптардың баламалары пайда болды. атлеттер кездесулер алдында қолдарына былғары ленталар байлаған. Ал қазіргі бокс 18 ғасырдың басында Англияда пайда болды. Оның негізін қалаған және ресми түрде мойындалған алғашқы чемпион ағылшындық танымал семсерлесуші Джеймс Фигг болды. 1865 жылы бокстың алғашқы ережелері шықты, онда рингтің өлшемдері, раундтардың ұзақтығы және қолғаптардың салмағы туралы айтылды. 1865 жылы маркиз Джон Дуглас Квинсбери және журналист Джон Чемберс «Қолғаппен бокс ережесін» әзірлеп, басып шығарды. Олар қазіргі бокстың негізі болды. 1889 жылы 6 тамызда қолғапсыз бокстың соңғы ойыны өтті. Рингте американдық екі боксшы Джон Салпиван мен Митчел Кипрайвип кездесті. 1920 жылдан бері бокс Олимпиаданың міндетті бағдарламасына енгізілді. 833 жыл бұрын (1181) қытай және жапон астрономдары аса жаңа жұлдыздың жарқылы болғандығын тіркеді. 518 жыл бұрын (1496) Бартоломео Колумб Санто-Доминго қаласының - Доминикан Республикасы астанасының негізін қалады. 517 жыл бұрын (1497) Бристольге Канаданы ашқан Джон Каботтың экспедициясы оралды. 148 жыл бұрын (1866) Ванкувер аралы Британ Колумбиясының құрамына енгізілді. 125 жыл бұрын (1889) Лондонда әрбір бөлмесінде жеке ваннасы бар әлемдегі алғашқы қонақүй - «Савой» отелі ашылды. 124 жыл бұрын (1890) Уильям Кеммлер электрлі үстелде жазаланған алғашқы қылмыскер болды (Нью-Йорк) 100 жыл бұрын (1914) Австрия-Венгрия Ресейге соғыс жариялады. 98 жыл бұрын (1916) Черногория Сербияға федерацияға бірігуді ұсынды. 56 жыл бұрын (1958) АҚШ Джонстон аралында атмосфералық ядролық сынақ жасалды. 13 жыл бұрын (1991) алғашқы интернет-сервер дүниеге келіп, ғаламтор парақтары үшін WWW (World Wide Web) стандарты бекітілді.
ЕСІМДЕР 90 жыл бұрын (1924-2012) жазушы, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген жоғары мектеп қызметкері ӘДІБАЕВ Хасен дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысының Шұбартау ауданында туған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1959 жылдан Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде ұстаздық еткен. Жазушының «Уақыт және суреткер», «Талант, талғам, тағдыр», «Көкжиек» атты сын зерттеу кітаптары қазақ әдебиетінің келелі мәселелері әдеби шеберлік пен жанрлар типологиясына, көрнекті қаламгерлердің шығармаларын саралауға арналған. Оның «Таңбалы адам», «Отырар ойраны», «Әупілдек» повестер мен әңгімелер жинағы жарық көрген. Орыс мектептеріне, арнаулы және жоғары оқу орындарына арналған бірнеше әдебиет оқулықтарын жазған. Екінші дәрежелі «Отан соғысы, «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен марапатталған 65 жыл бұрын (1949) әйгілі қақпашы, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «Металлург» футбол мектебінің түлегі ОРДАБАЕВ Құралбек Досжанұлы дүниеге келді. Шымкент қаласында туған. «Қайрат» футбол командасының құрамында КСРО чемпионатында 185 ойынға қатысқан. Қ.Ордабаев - Халықаралық теміржолшылар одағы жарысының кубогының иегері. ХХ ғасырдың 70-ші жылдарында еліміздің ең үздік қақпашысы атанған. 1992-1995 жылдары - «Қайрат» командасының бастығы, вице-президенті. 1995-2000 жылдары Қазақстан футбол қауымдастығының президенті қызметтерін атқарған. 2002 жылдан «Қайрат» футбол клубының президенті қызметін атқарады. 64 жыл бұрын (1950) тіл білімі маманы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор ЖЫЛҚЫБАЕВА Амантай Шаймарданқызы дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданында туған. Өскемен педагогика институтын бітірген. 1975-1978 жылдары - мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. 1980-1994 жылдары - Өскемен педагогикалық институтының орыс тілін оқыту әдістемесі кафедрасының, шет тілдері кафедрасының, практикалық қазақ және орыс тілі, Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің қазақ филологиясы, практикалық қазақ және орыс тілі кафедраларының аға оқытушысы. 1994 жылдан осында практикалық қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі. Ғылыми еңбегінің негізгі бағыты - этнолингвистика саласы. 10-нан аса ғылыми еңбектің авторы. 50 жыл бұрын белгілі қазақстандық зергер ӘЛІБАЙ Берік дүниеге келді. Берік Әлібай 1964 жылы Жамбыл облысы, Мерке ауданы, Қызыл сай ауылында дүниеге келді. Н.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін және Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясын бітірген. Қазақстан Дизайншылар одағының, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. Республикалық «Зергер-99» байқауының ерекше «Зергерлік өнеріне берілгендігі үшін» сертификатының иегері. Көптеген республикалық және халықаралық көрмелерге қатысқан. Б.Әлібайдың жұмыстары Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің, Алматы қаласындағы Орталық Мемлекеттік музейдің қорларында және Түркия, АҚШ, Малайзия, Қатар, Франция, Армения және басқа да мемлекеттердегі өнерді бағалаушылар мен коллекция жинаушыларының жеке жинақтарында бар. Шебер 2013 жылы әлемдік зергерлік өнердің мәдени құндылықтарының дамуына қосқан үлесі үшін құрметті Карл Фаберже орденін алды. 144 жыл бұрын (1870-1946) кеңес химигі және металлургі, КСРО Ғылым Академиясының академигі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты БАЙКОВ Александр Александрович дүниеге келді. Ресей Федерациясының Курск облысында туған. Петербор университетін бітірген. Негізгі ғылыми еңбектері металлургиялық процестердің физикалық химиясына және анорганикалық химия салаларына арналған. Бұл ғылыми бағыт Қазақстанда да кеңінен дамытылды. Байков мыс пен сүрме қорытпаларының құрамы мен қасиеттерін зерттеді, жоғары температурада темірді хлорлы сутегімен бөліп алуға болатынын дәлелдеді, никельдің полиморфизмге тән қасиеттін тапты. Тотығу және тотықсыздану процестері жайлы теория ұсынған. Бірнеше орден, медальдармен марапатталған. 225 жыл бұрын (1789-1846) неміс экономисі, көсемсөзші, саясаткер ЛИСТ Фридрих дүниеге келді. 133 жыл бұрын (1881-1955) британ ғалымы-бактериолог, Нобель сыйлығының лауреаты Александр ФЛЕМИНГ дүниеге келді. 74 жыл бұрын (1940) ресейлік мемлекет қайраткері, Дағыстан Республикасының тұңғыш президенті АЛИЕВ Муху Гимбатович дүниеге келді.