60 келіде алтын медаль қазақ балуанында - Қазақ күресінен Азия чемпионаты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорданың «Дәулет» спорт кешенінде Қазақ күресінен өтіп жатқан Азия чемпионатының 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі бәсекесі соңына жетті. Тартысты белдесуде қазақ балуаны Оспан Дауылбай Өзбекстаннан келген Шохрух Нуриддиновтен басым түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қос қарсыластың бәсекесі өте тартысты өтті. Әбжілдіктерін танытқан қос балуан бір-біріне беріспей бақты. Ақыры текетірестің аяғы белдесуге ұласқан еді. Тартысты белдесудің соңында жеңіс Оспан Дауылбайдың еншісіне бұйырып, жалпы қазақ балуандарының алтын медалінің саны үшке жетті.
60 келіге дейінгі салмақта қола медальді Моңғолия балуаны Лхагважамтс Унибжлед пен Жапония балуаны Иппей Накано мен Ираннан Сажжад Карамиан Гандомбани бөлісті.
Айта кетсек, осыған дейін Азия чемпионатында 6 салмақ бойынша бірінші орындар 2 қазақ және 3 моңғол, 1 түрікменстандық балуандарының еншісінде кетті.
Еске сала кетсек, Елордадағы «Дәулет» спорт кешенінде Қазақ күресінен Азия чемпионаты өтіп жатыр. Азия чемпионатында 11 елден 77 балуан 8 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсуде. Чемпионатта Қазақстан сортшыларымен бірге Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан, Пәкістан, Өзбекстан, Шри-Ланка, Жапония, Иран, Қырғызстан, Үндістаннан келген спортшылар өзара бақ сынасты. Жалпы чемпионаттың жүлде қоры 20 мың АҚШ долларына бағалануда.