60 млн. халқы бар Италияда - 65, ал 16 млн. халқы бар Қазақстанда 144 жоғары оқу орны жұмыс істеуде - С. Тұрсынов
АСТАНА. Қазанның 28-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 60 млн. халқы бар Италияда 65 жоғары оқу орны болса, 16 млн. халқы бар Қазақстанда 144 жоғары оқу орны жұмыс істеуде.
Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Сағынбек Тұрсынов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі күні елімізде маман дайындау және жоғары оқу орындарын бітірген жастарды жұмыспен қамту мәселесі күрделеніп барады. Ресми статистика бойынша, ағымдағы жылы 196 мың 700 студент жоғары оқу орындарын бітірсе, оның 100 мыңға жуығы жұмыссыздар қатарын толықтырып отыр екен. Ең бастысы, көптеген жастар өз мамандығы бойынша қызмет таба алмайды. Бұның негізгі себебі - мемлекет тарапынан маман дайындауды тиімді жоспарлау мен реттеудің әлсіздігі», деді С. Тұрсынов.
Депутаттың айтуынша, әлемдік тәжірибемен салыстырғанда Қазақстанда жұмыс істейтін жоғары оқу орындарының саны тым көп болып отыр. Бірақ, ондай оқу орындарының басым бөлігінде білім беру сапасы сын көтермейтін деңгейге жеткен. «Мәселен, 60 млн. халқы бар Италияда 65 жоғары оқу орны, 63 млн. халқы бар Францияда 41 ЖОО, 60 млн. халқы бар Ұлыбританияда 102 ЖОО бар. Ал Қазақстан халқының саны 16 млн. бола тұрып, бізде 144 жоғары оқу орны жұмыс істеуде. Бұлардың басым бөлігі шығынды аз талап ететін гуманитарлық мамандықтарға бағытталады. Осының салдарынан гуманитарлық, экономикалық мамандық иелері жоспарсыз көп дайындалып, оларды бітіргендер жұмыссыз жүр. Есесіне, орта кәсіптегі мамандарды шетелден әкелеміз», деді депутат.
Сонымен бірге, саладағы қордаланған мәселелерге тоқталған С. Тұрсынов, ЖОО бітірген бірақ жұмыссыз жүрген жастарды еңбекпен қамту үшін нақты шаралар жасау қажеттігін атап өтті.