60 мыңнан астам жер учаскесіне инженерлік желілер тартылуда
«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2015-2016 жылдары тұрғын үй құрылысын ынталандыруға Ұлттық қор қаржысынан республикалық бюджетке мақсатты трансферттер мен ұлттық холдингтердің облигациялық займдары түрінде 539 млрд теңге бөлінді. Осы қаржы есебінен 1,2 млн шаршы метр ауданда 19 200 пәтер салынды, оның ішінде 2015 жылы 10 900 пәтер, ал 2016 жылы 8 300 пәтер тапсырылды», - деді вице-министр Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының жанындағы инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыруға Ұлттық қорынан бөлінетін қаражаттың және бюджет қаржысын мақсатты әрі тиімді жұмсалуына бақылау жүргізу бойынша комиссияның отырысында.
2017 жылдан бастап «Нұрлы жер» бағдарламасы қабылданғанын еске салып өткен Р. Скляр, биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша елімізде 6,9 млн шаршы метр баспана салынғанын, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 8,4 пайызға артық екенін жеткізді.
«Тұрғын үй құрылысына 500 млрд теңгеден астам қаржы инвестицияланды. Бағдарламаның жылдық жоспарына қарағанда, баспананы пайдалануға берудің жалпы деңгейі 68 пайызды құрады. Жалпы, жылдық жоспар 10,1 млн шашы метрді қамтып отыр. Бүгінде 60 700 баспана салынып, оның ішінде 18 300-і жеке тұрғын үйлер және 42 400-і көп қабатты үйлердегі пәтерлер»,-деді вице-министр.
Оның сөзіне қарағанда, жеке тұрғын үй құрылысын дамыту үшін инженерлік желілерді 60 мыңнан астам жер учаскесіне тарту жұмыстары жүріп жатыр. Оның ішінде ертеректе берілген 35 800 жер теліміне және жаңадан үлестірілген 24 500 жер учаскесіне қажетті желі тартылуда. Пилоттық жоба аясында 6 өңірде 1 975 үйдің құрылысы бірыңғай сәулеттік стильмен салынып жатыр. Биыл соның нәтижесінде 362 үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.