60-тан жоғары: Астанада егде жастағы 15 жұп некеге тұрды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Астанада 60 және одан жоғары жастағы 15 жұп некелерін заңдастырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

60-тан жоғары: Астанада егде жастағы 15 жұп некеге тұрды

Жергілікті АХАТ қызметінен мәлім еткендей, үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 қыркүйекке дейін Астанада 60 және одан жоғары жастағы 15 жұп қарым-қатынастарын заңдастырған.

Ең жоғары жастағы жұп Есіл ауданында шаңырақ құрған. АХАТ мамандары отағасының 74 жаста, ал жұбайының 69 жаста екендігін айтуда.

Сарыарқа ауданында тұратын 69 жастағы ерлі-зайыптылар егде жаста үйленгендердің тізімінде екінші орында тұр. АХАТ қызметкерлерінің айтуынша, олар некеге тұруға ұзақ уақыт ойланған.  Қарым-қатынастарын заңдастыруға туған-туыстары мен жақындарының үгіттеуі себеп болған.

«Біз күн сайын түрлі жастағы, түрлі адамдарды көреміз. Жасы егде адамдар мұнда көтеріңкі көңіл-күймен келеді. Ұқыпты киініп келіп, қуаныштан жүздері бал-бұл жанып тұрады», - дейді Сарыарқа аудандық АХАТ бөлімінің басшысы Бақытгүл Шайкенова.

Айта кетейік, 1 қазан күні бүкіл әлем бойынша Қарттар күні тойланады. БАҚ мәліметінше, Қазақстанда 2 миллионға жуық зейнеткер бар.