600-ден астам астаналық экологиялық акцияға қатысады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ертең Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған елорданың «жасыл белдеуі» аумағын санитарлық тазарту бойынша экологиялық акция өтеді. Шара Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні аясында ұйымдастырылады. Бұл туралы astana.kz сайтына Астана қаласының Ішкі саясат басқармасынан хабарлады.
None
None

Ұйымдастырушылар шараға 600-ден астам адам қатысады деп жоспарлап отыр. Соның ішінде ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің, Астана қаласы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының, Астана қаласы бойынша Экология департаментінің қызметкерлері, «Астана орманы» және «Астана Эко-Полигон НС» ЖШС коммуналдық кәсіпорындарының, «PosadiDerevoKZ» республикалық қоғамдық бірлестіктің өкілдері, сонымен қатар ҚР Ұлттық гвардиясының әскери қызметкерлері, «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері, белсенді студенттер мен еріктілер қатысады.

Алаш тас жолының бойындағы аумақта заңсыз тасталған қоқыс орындары тазартылып, жойылады. Ұйымдастырушылар барлық астаналықтарды қалыс қалмай, қаламызды жинауға бағытталған акцияға қатысуға шақырады. Шара 5 маусымда сағат 9.30 басталады.

Айта кетейік, 1972 жылы БҰҰ Бас ассамблеясы 5 маусымды Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні деп белгілеп, бәрін қоршаған ортаны сақтауға және жақсартуға бағытталған шараларды өткізуге шақырды.

Соңғы жаңалықтар