61 мыңнан астам қазақстандық Skills Enbek платформасында оқыды

АСТАНА. KAZINFORM – 2024 жылдың басынан бері 61,6 мың азамат, оның ішінде 32,6 мыңға жуық жұмыссыз Skills Enbek кәсіптік оқыту платформасында (бұдан әрі – Платформа) онлайн-курстардан өткені туралы сертификат алды. Платформада барлығы 437,8 мың қазақстандық тіркелген, оның 79,1 мыңы – 2024 жылы тіркелді.

жұмыспен қамту
Фото: Шахтинск қаласының әкімдігі

Оқудан өткен 32,6 мың жұмыссыз азаматтың 9,4 мыңға жуығы негізінен Ақтөбе, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарының және Шымкент қаласының жастары.

Платформа іске қосылғаннан бастап авторлар әртүрлі бағыттар бойынша 494 курс жариялады, оның 257-cі тегін. Сондай-ақ, одан әрі оқу үшін білім беру алаңдарына ауысу мүмкіндігімен Courstore және Fluent Education серіктестерінің курстары бар.

Курстардың ұзақтығы 1-ден 72 сағатқа дейін.

Платформада тұру және тамақтану, құрылыс және ТКШ, әлеуметтік қызмет көрсету, қаржы және бухгалтерлік есеп, ақпараттық технологиялар және т.б. салалардағы түрлі мамандықтар бойынша тегін курстар саны үнемі артып келеді.

Бұдан бұрын хабарлағандай, Платформа халықтың білім деңгейі мен кәсібилігін арттыруға, мансаптық дамуды ынталандыруға және «өмір бойы оқыту» тұжырымдамасын ілгерілетуге бағытталған. Ол маркетплейс – қызметтер нарығы қағидаты бойынша онлайн курстарға қол жеткізуді ұсынатын халықаралық оқыту алаңдарына ұқсас құрылған.

Оқуға https://skills.enbek.kz/ сілтемесі арқылы немесе enbek.kz сайтындағы «Онлайн оқыту» бөлімін таңдау арқылы тікелей қол жеткізуге болады.