62 млн теңге: Түркістан облысында білім ұйымдарына шаруашылық тауарлары неге қымбатқа алынған

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Әлеуметтік желіде Келес аудандық білім бөлімінің 62,1 млн теңгеге шаруашылық тауарларын сатып алғаны туралы ақпарат тарады. Жазба авторы тауарлардың бағасына назар аударып, олардың не үшін қымбатқа алынғанын сұраған.

заң
Фото: freepik.com

Онда мемлекеттік сатып алу порталындағы жалпы сомасы 62 180 118 теңгені құрайтын шартқа қатысты сұрақтар қойылған. Автор, атап айтқанда, 850 дана 56 заттан тұратын кілттер жиынтығына 12,9 млн теңге, 950 дана балғаға 5,1 млн теңге, 450 дана балтаға 3,2 млн теңге және 950 дана шелекке 3 млн теңгеден астам қаражат қарастырылғанын атап өткен.

Автор тауарлардың нарықтық бағамен сәйкестігін, олардың нақты қай білім беру ұйымдарына бөлінгенін және жеткізілгенін растайтын құжаттардың бар-жоғын сұраған.

Осыған байланысты Келес ауданының білім бөлімі түсінік берді.

Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылғы 28 мамырда жалпы сомасы 57 637 500 теңгеге ашық конкурс өткізу туралы өтінім жолданған.

– 2026 жылғы 23 маусымдағы мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша «Завод Силовых Трансформаторов «Кентау» ЖШС 53 603 550 теңге көлеміндегі ұсынысымен жеңімпаз деп танылған. Мердігердің ҚҚС төлеуші екенін ескере отырып, тараптар арасында жалпы сомасы 62 180 118 теңгеге мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалған, – делінген Келес ауданының білім бөлімінің жауабында.

Ресми ақпаратқа сәйкес, тауарлар 30 маусымда жүкқұжат негізінде қабылданып, 1-10 шілде аралығында Келес аудандық білім бөліміне қарасты білім беру ұйымдарына толық жеткізілген.

Келес аудандық білім бөлімі мемлекеттік сатып алу рәсімі қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүргізілгенін және мердігер ұйымның тауарларды жеткізу жөніндегі міндеттемелерін толық орындағанын хабарлады.

Бұған дейін Түркістан облысында «Батон-2» балабақшасына 1,3 млрд теңге бюджет қаражаты заңсыз аударылғаны туралы әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа қатысты материал жариялаған едік. Бұл ақпаратқа облыстық білім басқармасы түсінік берген.