650 ауылда медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункт салынады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алдағы екі жылда 650 ауылда медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункт салынады. Бұл жайында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

650 ауылда медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункт салынады

«Мен келесі жылдан бастап еліміздің ауыл тұрғындарының қажеттілігіне бағытталған ұлттық жобаны жүзеге асыру шешімін қабылдадым. Екі жылдың ішінде бүгінде медициналық мекемесі жоқ 650 ауылда медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер салынып, толығымен жабдықталады. Осылайша, мемлекет миллиондаған азаматқа медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етеді», - деп атап өтті ҚР Президенті.

Мемлекет басшысының дерегінше, ұлттық жоба аясында аудандық 32 аурухана жаңартылып, ауданаралық көпбейінді мекемеге айналады.

«Оларда инсульт орталығы, хирургия, жансақтау және оңалту бөлімшелері пайда болады. Бұл төрт миллионнан астам азамат үшін медициналық қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар телемедицина дамытылып, шалғай аудандардың тұрғындарының білікті көмек алуына жол ашылады», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.