6,6 жылға сотталған актер Асқар Жұмабек қалай бір жылда бостандыққа шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Былтыр отандық әртіс Асқар Жұмабек пен караоке-бар қызметкерлері арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқан. Салдарынан бес жәбірленушінің екеуіне ауыр және орташа деңгейде денсаулығына зиян келген.

Еске сала кетсек, былтыр қазанда қазақстандық танымал актер Асқар Жұмабек 6,6 жылға сотталған еді.
Актерге бұзақылық пиғылда бір топ адамның денсаулығына қасақана ауыр және орташа зиян келтірді деген айып тағылды.
Дегенмен кешелі-бері БАҚ беттерінде және әлеуметтік желіде Асқар Жұмабек бостандыққа шықты деген ақпарат тарап жатыр. Осы орайда істің мән-жайын соттан сұраған едік.
Сотталған актер Тараз қаласының № 2 сотына жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiне, яғни айыппұлға ауыстыру туралы өтініш жазған.
Осылайша Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 20.08.2024 жылғы қаулысымен 11.10.2023 жылғы үкім өзгертіліп, түпкілікті бас бостандығынан айыру жазасының мерзімі 4 жыл 15 күнге дейін төмендетілген.
— Сотталған Асқар Жұмабек шын жүректен өкініш білдіріп, түзелу жолына түскенін көрсетіп, өтінішхатын толық қолдап, қанағаттандыруды сұрады. Жәбірленушілердің өкілі — адвокаты А. жәбірленушілерге материалдық және моралдық залалды толық өтелгенін, олар сотталған азаматты кешіргендерін, қояр талаптары жоқ екенін айтып, өтінішхатты қанағаттандыруға қарсылықтары жоқ екенін мәлімдеді, — делінген соттың хабарламасында.
Өз кезегінде әртіс қамауда отырған № 25 мекеменің өкілі сотталушының өтінішхатын қанағаттандыруға лайық деп таныды. Сонымен қатар, прокурор сотталғанның өтінішхатын қанағаттандыру қажет деген қорытынды берген.
— Сот Асқар Жұмабектің залалды өтегенін және жәбірленушілердің өтемақы қорына мәжбүрлі төлемді және процестік шығынды төлегенін, сонымен қатар жәбірленушілердің оны кешіргенін ескеріп, өтінішхатын қанағаттандырып, өтелмеген жаза мерзімін, яғни 2 жыл 5 ай 11 күнді 670 797 теңге мөлшердегі айыппұлға ауыстырды. Тараптар қаулыға шағым түсірген жоқ, — деген шешім шығарған сот.
Сот шешімі заңды күшіне енді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Алматыда танымал әнші қамауға алынды.