69,8 мың қазақстандық мемлекет қолдауымен жұмысқа орналасты

АСТАНА.KAZINFORM — Биылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша субсидияланатын жұмыс орындарына 69,8 мыңға жуық адам орналастырылды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлім етті.

69,8 мың қазақстандық мемлекет қолдауымен жұмысқа орналасты
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Субсидияланатын жұмыс орындары жұмыс берушілермен еңбек мобильділігі орталықтарының (мансап орталықтары) арасындағы шарттық негізде құрылады және жұмыссыздарды, сондай-ақ жұмыс іздеу кезінде қосымша қолдауды қажет ететін халықтың жекелеген санаттарын жұмысқа орналастыруға арналған.

Қазіргі уақытта субсидияланатын жұмыспен қамтудың төрт негізгі бағыты іске асырылуда: қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары, жастар тәжірибесі және «Күміс жас» жобасы.

— Қоғамдық жұмыстар ең сұранысқа ие бағыт болып қала береді. Бұл бағыт жұмыссыздарды, студенттер мен жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларын оқудан бос уақытында уақытша жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Қоғамдық жұмыстардың ерекшелігі — олардың өңірлер үшін әлеуметтік, экономикалық және экологиялық маңыздылығында. Осы жылдың 1 маусымындағы жағдайға сәйкес қоғамдық жұмыстарға 49,6 мың адам тартылды. Қатысушылардың еңбекақысы 24 АЕК-тен кем емес, яғни 103,8 мың теңгені құрайды, — делінген хабарламада.

Әлеуметтік жұмыс орындары жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін мемлекет есебінен жалақыны ішінара субсидиялау арқылы жұмыс берушілермен құрылады. Субсидияның ай сайынғы мөлшері белгіленген жалақының 35%-ын, бірақ 103,8 мың теңгеден аспайтын мөлшерді құрайды. Бүгінгі таңда әлеуметтік жұмыс орындарына 8,2 мың адам орналастырылды.

— Жастарды жұмыспен қамту бағытында техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының түлектері үшін «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы іске асырылуда. Ол жас мамандарға мамандығы бойынша алғашқы кәсіби тәжірибе жинақтауға және еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Қатысу мерзімі 12 айға дейін, ал еңбекақы мөлшері 30 АЕК-ке дейін, яғни 129,8 мың теңгеге дейін жетеді. Жыл басынан бері жастар тәжірибесінің қатысушылары 4,9 мың адамды құрады, — деп хабарлады ведомстводан.

Егде жастағы азаматтар үшін «Күміс жас» жобасы табысты іске асырылуда. Оның негізгі мақсаты — 50 жастан асқан жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және оларды кейіннен тұрақты жұмысқа орналастыру үшін жағдай жасау. Мемлекет жобаға қатысушылардың жалақысын үш жыл бойы субсидиялайды, бұл ретте жұмыс берушілерге еңбекақы шығындарының 60%-дан 70%-ға дейінгі бөлігі өтеледі. 1 маусымдағы жағдай бойынша жоба аясында 7,1 мың адам жұмысқа орналастырылды.

Субсидияланатын жұмыс орындарын іске асыру халықты жұмыспен қамтуды арттыруға, жаңа кәсіби дағдыларды игеруге және азаматтар үшін тұрақты табыс көзін қамтамасыз етуге ықпал етеді. Бұл бағыттағы жұмыстар нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек нарығын дамыту жөніндегі мемлекеттік саясат аясында жалғастырылатын болады.

Бұған дейін жұмыссыз азаматтарға 6 айға дейін тегін кәсіптік оқу ұсынылатынын жаздық.