«7-20-25» бағдарламасы: Қазақстанда қанша тұрғын үй беріледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек «7-20-25» бағдарламасы бойынша Қазақстанда қанша тұрғын үй берілетініне қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«7-20-25» бағдарламасы бойынша негізінен Ұлттық банк жұмыс атқарады. Бірақ, біз де негізінен көмектесіп, бірлесе жұмыс жүргізіп жатырмыз. Ол бағдарлама бойынша қанша пәтер салынады, қанша пәтер ипотекаға беріледі деген мәселе былай шешіледі. Қазір Ұлттық банк "Қай өңірде осы бағдарлама бойынша сұраныс бар?" деген сұрақты талдап жатыр. Яғни, ол облыстардың тұтынушылық қабілетіне байланысты», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, пәтер құны өңірлерде әртүрлі. Мысалы, Оралда, Қостанайда, Петропавлда 10 млн теңгеге 2 бөлмелі үй сатып алуға мүмкіндік бар. Алматыда 70-80 шаршы метрлік баспанаға 10 миллион теңге жетпейді.
«Сондықтан, қазір сол мәселе шешіліп жатыр. Біздің ойымызша, 70 мың пәтерден 100 мың пәтерге дейін осы бағдарлама арқылы қазақстандықтардың ипотека алуына мүмкіндік бар. Бұл 4,5 жылдың ішінде атқарылатын жұмыс», - деп түйді министр.