«7-20-25»: Қазақстанда 85 мыңнан астам азамат баспаналы болды
АСТАНА. KAZINFORM — «7-20-25» бағдарламасын іске асыру аясында 2026 жылғы 25 маусымдағы жағдай бойынша 1,223 трлн теңгеге 85 577 қарыз берілді, деп хабарлайды Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, қазіргі уақытта «7-20-25» бағдарламасы несие бойынша төмен 7 пайыздық мөлшерлемесімен (ЖТСМ - 7,2%) ерекшеленетін ипотекалық бағдарлама. Әлеуметтік бағдарлама әрбір қазақстандық үшін қолжетімді несие беру шарттарымен тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін жаңа мүмкіндіктер береді.
Бастапқы жарна мөлшері тұрғын үй құнының 20% және одан жоғары мөлшерінде белгіленеді (Астана, Алматы (шекаралас аймақтарды қоса алғанда), Ақтау, Атырау, Шымкент қалалары үшін тұрғын үйдің ең жоғарғы құны 30 млн теңге, Қарағанды қалаcы үшін 25 млн теңге және басқа өңірлер үшін 20 млн теңге), қарыздың өтеу мерзімі 25 жылға дейін ұлғайтылды. Қарыз алушыдан қарызды беру және қызмет көрсету үшін комиссия алынбайды.
Қазақстанда тұңғыш рет бағдарламаға қатысушының өзі таңдай алатын құрылыс салушылардың тек бастапқы нарығына арналған тұрғын үй бағдарламасы қабылданды.
«Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ «7-20-25» бағдарламасының операторы болып есептеледі.
Осыған дейін Қазақстанның орнықтылық қоры өзін ипотекалық брокер, кеңесші немесе делдал ретінде таныстыратын «көмекшілер» тарапынан алаяқтық жағдайларының жиілеп кеткенін хабарлады.