«7-20-25»: Шымкенттіктерге баспана алудың талаптары түсіндірілді

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте тұрғындармен «7-20-25» бағдарламасы бойынша кездесу өтті. Қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының мамандары мен бірнеше банк өкілдері азаматтарға аталған бағдарламаның шарттарын жан-жақты түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«7-20-25»: Шымкенттіктерге баспана алудың талаптары түсіндірілді

Кездесуде Шымкент қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Гүлнәр Әшірбаева мемлекеттің тұрғын үй саясатын және «7-20-25» бағдарламасының тиімді тұстарын, ереже-шарттарын толық баяндап берді.

«Алдағы уақытта баспана кезегінде тұрғандар үшін санаттар қысқаруы мүмкін. Бәріңізді тұрғын үйге кезегіне тұруға шақырамын. Үкімет сіздерге зор мүмкіндік ұсынып отыр», - деді Гүлнәр Әшірбаева.

Өз кезегінде тұрғындар мамандарға да көкейде жүрген  сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Мемлекеттік қызметкерлер, медицина және білім саласының қызметкерлері негізінен төлем қабілеттілігі, тұрғын үйлердің сапасы, несие тарихына қатысты мәселелерді талқылады.

Айта кетсек, «7-20-25» бағдарламасы бойынша Шымкентте тұрғындарғы 7 банк тұрғындарға қызмет көрсетуде. Ал «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі»  несиелерді 1 желтоқсаннан бастап бере бастайды деп күтілуде.