7 ақпан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 7 ақпанға арналған күнтізбесін ұсынады.
7 ақпан ЖҰМА
Гренада мемлекетінің Ұлттық мерекесі - Тәуелсіздік күні (1974). Гренада Кіші Антиль аралдар тобына жататын аралдар мен Гренада аралдар тобының оңтүстік бөлігінде орналасқан мемлекет. Астанасы - Сент-Джорджес. Ресми тілі - ағылшын тілі. Ақша бірлігі - кариб доллары. 1984 жылы қабылданған конституциясы бойынша Ұлыбритания Королевасы мемлекет басшысы болып саналады. Елді генерал-губернатор басқарады. Заң шығарушы органы - екі палаталы (сенат және өкілдер) парламент. Атқару билігі Премьер-министр басқарған үкімет қолында.
Солтүстік аумақтар күні. Жапониядағы атаулы күндер қатарында бұл күн ерекше орын алады. Өйткені, бұл ел ресейлік Кунашир, Итуруп, Шикотан аралдарын өзіне қайтару туралы мәселені күн тәртібінен түсірген емес.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
8 4 жыл бұрын (1930) Қазақстанның оңтүстігінде көтеріліс басталды. Қысқа мерзім ішінде Созақта жергілікті құқық қорғау органы қызметкерлері талқандалып, өкілдері мен белсенділері қаза тауып, 20-ға жуығы қамауға алынды. Көтерілісті ұйымдастырушы Сұлтанбек Шолақұлы хан болып сайланып, көмекшілері ретінде Әли Асадулла, бұрынғы милиция бөлім бастығы Бейсенбаев, Кужак, Д.Әтінбаев, К.Жолшиев, С.Шалымбетов, А.Дюганов, О.Оразбаев және Т.Аюбековтер тағайындалды. Олар «Кеңес үкіметі құрысын», «Хандық өкімет жасасын» және «Қазақ үкіметі жасасын» деген ұрандар тастады. Осы жағдай жөніндегі ақпараттан кейін үкімет Созақтың айналасын қоршауға алып, «коммунистер жасағынан» тұратын бірнеше қарулы жасақ әкеліп қойды. Көтерілісшілер Шолаққорғанға қарай шегінді, бірақ №6 ауылда Никитенконың жасағы оларды тоқтатты. 15-16 ақпанда көтерілісшілер ауданына Журавлев пен Логачев жасағы келіп жетті. 4 сағаттық ұрыс көтерілісшілердің жеңілуімен аяқталды. Хан Сұлтанбек өлтірілді, 200 жуық адам тұтқынға алынып, 400-ге жуық шаруа қаза болды.
50 жыл бұрын (1964) Қазақ академиялық драма театрының саханасында Шыңғыс Айтматовтың «Ана - Жер-Ана» спектаклінің премьерасы өтті.
23 жыл бұрын (1991) Қазақстанда әйелдерге арналған «Ақ босаға» атты тұңғыш газет жарық көрді.
22 жыл бұрын (1992) Алматыдағы №139 қазақ орта мектебіне мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ағартушы Ахмет Байтұрсыновтың есімі берілді.
14 жыл бұрын (2000) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Еуропаның жетекші газеттерінің журналистеріне сұхбат берді. Онда инвестициялық саясат, елдің қоғамдық-саяси жағдайы мен Астананың болашағы мәселелері жан-жақты қамтылды.
8 жыл бұрын (2006) Алматыдағы Ғалымдар үйінде Қазақстан журналистикасы академиясының ұйымдастыруымен «Жұлдыздың жарығы. Отандық журналистиканың таңдаулылары» атты кітаптың таныстырылымы болды. «Seimar Social Fund» қайырымдылық қорының демеушілігімен жарыққа шыққан бұл анықтамалық жинаққа аталған академияның академик-мүшелерінің, қоғам қайраткерлерінің, белгілі журналистердің қызметі туралы көркем-публицистикалық шығармалар мен жалпы ТМД аумағында әлі пайда бола қоймаған «Алтын Жұлдыз» және «Алтын Самұрық» секілді ең жоғарғы жалпыұлттық журналистика сыйлығының шығу тарихы мен оны жүлдегерлерге тағайындау тәртібі жайында тың мағлұматтар енгізілген.
8 жыл бұрын (2006) Павлодарлық суретші Ғалым Қаржасовтың шығармашылығына арналған монография жарыққа шықты. Кітапта Қазақстандағы белгілі суретшінің шығармашылығы көрсетілген, ол 1980 жылы көркемсурет училищесін бітіргеннен соң 8 жылдан кейін КСРО Суретшілер одағының мүшесі болып қабылданған. Оның суреттері халықаралық және республикалық көрмелерде ұлттық нақыштағы туындылары өнер зерттеушілердің назарында болады. Оның «Қазақтың келіндері», «Менің жерімнің гүлдері», «Айнұр» сынды туындылары бар.
Павлодарлық суретшінің еңбектері Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік мұражайдың қорында, Павлодар, Қарағанды, Семей қалаларының көркемсурет мұражайларында, және Германия, Канада, Франция елдерінің жеке коллекцияларында сақтаулы.
Монография облыстық «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында шығарылған.
8 жыл бұрын (2006) Семейдің Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінде студенттер телевизиясы ашылды.
Журналистика факультетінің студенттері аптасына үш рет жаңалықтар хабарымен жұртшылық алдына шығады. Олар келешекте авторлық бағдарламаларды жасауды ойластырып отыр. Дикторлар үшін шағын студия жабдықталып, оны студенттер өздері безендірді. Бейнематериалдарды даярлау үшін арнайы бөлме бөлінді.
7 жыл бұрын (2007) Өскеменде композитор Бағдат Есдәулетованың «Жүрегім, ән сал» деген атпен шығармашылық кеші өтті. Оқырмандар алдында есеп беріп, осымен 14-ші жыл қатарынан шығармашылық кешін өткізіп отырған композитор бүгінгі кештен түскен қаражатын қайырымдылық мақсаттарға жұмсамақ. Б.Есдәулетова 50-ден астам әннің авторы. Композитор ұлы Абайдың, Серік Ғабдуллин, Ғалым Байбатыров, Анар Құсайынова, Ұлықбек Есдәулетов, Меруерт Сарынова сынды ақындардың өлеңдеріне ән жазған. Сондай-ақ, облыс орталығының 280 жылдығы құрметіне жазылған Өскемен қаласының әнұранының авторы.
6 жыл бұрын (2008) Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінде Қаржылық заң бұзушылықтарды зерттеу жөніндегі орталық құрылды.
Орталықтың негізгі қызметі қаржылық заң бұзушылықтардың алдын алуда және ескертуде қаржылық бақылау органдарына ғылыми-әдістемелік жағынан жәрдем көрсету, мемлекеттік қаржыны бақылаудың көкейкесті проблемаларын зерттеу, сондай-ақ бақылау және сараптау-талдау жұмыстарына жаңа тәсілдер мен технологияларды әзірлеп, енгізу орталықтың негізгі қызметі болып табылады.
Орталық отандық ғылыми-зерттеу институтарымен, жоғары оқу орындарымен және мемлекеттік органдармен ынтымақтастық орнатылды.
100 жыл бұрын (1914) АҚШ-та Kid Auto Races in Venice фильмі экранға шықты. Онда алғаш рет Чарли Чаплин бәріміздің сүйікті кейіпкерімізге айналған шолақ мұртты, қалталанған шалбар киіп, таяқ ұстаған қайыршы кейпінде ойнады.
50 жыл бұрын (1964) Beatles тобы Американың теледидарынан тұңғыш рет шықты. 728 орындық студияда өтетін хабарға қатысу үшін 50 мың көрермен тілек білдірген. Студиядан тікелей берілген концертті 73,7 миллион адам тамашалаған.
30 жыл бұрын (1984) «Челенджер» ғарыш кемесінің ғарышкері Брюс Маккендлес ашық ғарыш кеңістігіне қауіпсіздік арқанынсыз шықты.
Бір жыл бұрын (2013) ақын, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері Сырбай Мәуленовтің 90 жылдығы аталып өтті.
37 жыл бұрын (1977) Байқоңыр ғарыш айлағынан Союз-24 ғарыш кемесі ұшырылды.
Сочидегі ХХІІ Олимпиада ойындарының ашылуы
Бүгін Ресейдің Сочи қаласында 2014 жылдың 7-23 ақпан аралығында болатын Қысқы олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтеді.
Олимпиада ойындарының тұмарлары Ақ аю, Барыс және Қоян болып таңдалды. Төрт жылда бір айналып келетін дүбірлі спорт додасына әлемнің 90 мемлекетінен 3000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарлануда. Спорт әлемі үшін үлкен мерекеге айналатын Сочи-2014 Олимпиадасында спорттың 15 түрінен 98 медаль ойнатылады. Бұл дүбірлі додада ел намысын 52 отандасымыз қорғайды.
ЕСІМДЕР
81 жыл бұрын (1933) физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық ғылым академиясының академигі ЕРМАТОВ Сәдуақас Ерматұлы дүниеге келді.
Өзбекстан Республикасының Ташкент облысында туған. Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетін бітірген. 1955-1957 жылдары - Ташкент мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген. 1960-1963 жылдары - Өзбек КСР Ғылым академиясы Физика-техника институтының кіші, аға ғылыми қызметкері. 1963-1966 жылдары - Өзбек КСР Ғылым академиясы Физика-техника институтының Шыршық қаласындағы Баяу балқитын және ыстыққа төзімді металдар комбинаты жанындағы филиалының жетекшісі. 1966-1986 жылдары - Қазақ КСР Ғылым академиясы Ядролық физика институтының зертхана меңгерушісі, директордың орынбасары. 1980-1999 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінің деканы, кафедра меңгерушісі, профессоры. 1999 жылдан Қазақ-Ресей мемлекеттік университеті ректорының кеңесшісі, Қазақ ұлттық педагогикалық университеті эксперименталды физика кафедрасының профессоры болған. Негізгі ғылыми еңбектері радиациялық физика, радиациялық технология мен жаңа техника мәселелеріне арналған. Ғалымның 280 ғылыми-әдістемелік жұмысы және 3 оқулығы жарық көрген.
Медальмен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
7 6 жыл бұрын (1938-2001) ақын ФИЛИМОНОВА Инна дүниеге келді.
Ресейдің Ленинград облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің филология фаультетін бітірген. «Ленинская смена» газетінде, Қазақ радиосында, «Жалын», «Жазушы» баспаларында жауапты қызметтер атқарған. Ақынның «Жаңа жырлар», «Шаңғымен серумен», «Нәзіктік», т.б. жыр жинақтары жарық көрген. Ф.Оңғарсынова, К.Ахметова, М.Зұлфыхаров, т.б. ақындардың жыр кітаптарын орыс тіліне аударған.
6 6 жыл бұрын (1948) тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасының құрметті білім беру қызметкері ТІЛЕУОВ Талғат Халилұлы дүниеге келді.
Астана қаласында туған. Мәскеу энергетика институтын бітірген. Қазақ КСР жоғары және арнайы орта білім беру министрлігінің инспекторы болып істеген. 1982-1993 жылдары - Алматы сәулет-құрылыс институтының доценті, профессоры, кафедра меңгерушісі. 1993 жылдан «Қайнар» университетінің профессоры, Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, «Эльфар» фирмасының президенті, «Кодак-Интерлюкс» біріккен кәсіпорнының вице-президенті қызметтерін атқарған. 45-тен астам ғылыми жарияланымның авторы.
6 6 жыл бұрын (1948) суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері ТҮСІПОВА Зейнекүл Жақанқызы дүниеге келді.
Жамбыл облысының Сарысу ауданында туған. Алматы көркемсурет училищесін бітірген. Республикалық, одақтық, халықаралық көрмелерге қатысқан. Қылқалам шеберінің туындыларында Қазақстанның табиғаты мен адамдары көркем бейнеленген. Ол қазақ ауылының өміріне арнап салған бір топ суреттер топтамасы үшін «Тарлан» сыйлығын иеленген.
6 5 жыл бұрын (1949) актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері ҚАЗАҚБАЕВА Гүлжамал Мұқажанқызы дүниеге келді.
Алматы облысының Кербұлақ ауданында туған. Қазақ драма театры жанындағы театр студиясын, Қазақ ұлттық өнер академиясын бітірген. Өнер жолын Шымкент облыстық қазақ драма театрынан бастады. 1978 жылдан Қазақ жастар мен балалар театрында актриса болды. Ол осы театр сахнасында Баян, Ақтоқты (Ғ.Мүсірепов «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Ақан сері - Ақтоқты»), Алуа, Құртқа, Қарагөз (М.Әуезов «Алуа», «Қара қыпшақ Қобыланды», «Қаралы сұлу»), Алма (Т.Ахтанов «Күшік күйеу»), Офелия, Елена (У.Шекспир «Гамлет», «Дуалы түнгі думан»), Балым, Түйметай (Ш.Мұртаза «Бесеудің хаты», «Сталинге хат»), Кейуана (Иран-Ғайып «Қанына тартқан қыңырлар»), Салиха ана (О.Сүлейменов, Б.Мұқай «Замана қыры»), т.б. рөлдерді орындады.
6 4 жыл бұрын (1950) грек-рим күресінен спорт шебері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, КСРО чемпионы ГРИМАЙЛО Василий Иванович дүниеге келді.
Қырғызстан Республикасында туған. КСРО және Қарулы Күштері біріншіліктеріне бірнеше рет қатысқан. КСРО және Халықтар достығы бірінішіліктерінің чемпионы болған. 1974 жылы Швецияда өткен Халықаралық турнирде екі дүркін жеңімпаз атанған. Жаттықтырушысы - В.Псарев.
6 3 жыл бұрын (1951) халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңірген жаттықтырушысы, Республикалық су және қолданбалы спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебінің жаттықтырушысы ГОРУН Александр Иванович дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Қазақстанның бірнеше дүркін жеңімпазы, КСРО Кәсіподақтары ерікті спорт қоғамының чемпионы, Халықаралық «Алтын қырғауыл» турнирінің күміс жүлдегері атанған. Қазақ КСР-і құрама командасының сапында КСРО кубогы біріншілігіне қатысқан. 1976 жылдан Орталық кеңестің «Қайрат» Ерікті спорт қоғамының қабырғаға оқ атудан жаттықтырушысы, аға жаттықтырушысы. 1993 жылдан Республикалық су және қолданбалы спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебінің жаттықтырушысы. 1992-1993 жылдары - Ұлттық штаттық командалар дирекциясының аға жаттықтырушысы. 1993-2001 жылдары - Қазақстан Республикасының жаттықтырушысы. 2001-2003 жылдары - қолданбалы спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебі директорының орынбасары, Қазақстан Республикасының бас жаттықтырушысы қвызметтерін атқарған. 2003 жылдан - Республикалық су және қолданбалы спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебінің жаттықтырушысы қызметін атқарады. 3 еңбегі сіңірген спорт шеберін, 5 халықаралық дәрежедегі спорт шеберлерін, 9 спорт шеберін дайындаған.
39 жыл бұрын (1975) ҚР қаржы вице-министрі ДӘЛЕНОВ Руслан Ерболатұлы дүниеге келді.
Целиноград қаласында туған. Ыстамбұлдағы Мармара университетін 1999 жылы экономист біліктілігі бойынша бітірді. Еңбек жолын Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кіріс министрлігінің Кірістерді талдау және болжау департаментінде жетекші маман қызметінен бастады. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кіріс министрлігінде 2000 жылдан бастап 2002 жылға дейін басшы лауазымдарда қызметтер атқарды. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Кірістер, конвенциялар және келісімшарттар департаментінің Ағымдағы кірістер басқармасы бастығының міндетін 2002 жылдан бастап 2003 жылға дейін атқарды. 2003 жылы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Салық комитеті Кірістерді талдау және ағымдағы болжау басқармасының бастығы болды. 2003 жылдан бастап 2005 жылға дейін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Кірістерді талдау департаментінің директоры болды. 2005 жылдан бастап 2008 жылға дейін жеке компанияның директоры болды. 2008 жылғы 11 наурыздан бастап Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі етіп тағайындалды. Мерейтойлық медальмен марапатталды.
38 жыл бұрын (1976) еңбегі сіңірген спорт шебері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, ушу-саньдадан Әлем чемпионы ЖАМАШ Диас Сапарбекұлы дүниеге келді. Жамбыл облысы Қордай кентінде туған. 1997 жылы Муайтай боксынан Бангкок қаласында өткен әлем біріншілігінде күміс жүлдеге ие болған. Қытайда өткен Әлем чемпионатының абсолюттік чемпионы, Бангкоктағы Әлем кубогының күміс жүлдегері, муайтайдан Астана қаласында өткен Азия чемпионатының чемпионы, Бангкок қаласында ушу-саньдадан өткен ХІІІ Азия ойындарының қола жүлдегері атанған. Жаттықтырушысы - Үсенов Смет Еспенбетұлы.
202 жыл бұрын (1812-1870) ағылшын жазушысы, әлемдік әдебиет классигі Чарльз ДИККЕНС дүниеге келді.
80 жыл бұрын (1934) ресейлік саясаткер, 1993-2010 жылдардағы Башқұртстан Республикасының тұңғыш президенті РАХИМОВ Мұртаза Ғұбайдоллаұлы - дүниеге келді.