7 ақпан. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 7 ақпанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1930 жылы Қазақстанның оңтүстігінде Созақ көтерілісі басталды. Қысқа мерзім ішінде Созақта жергілікті құқық қорғау органы қызметкерлері талқандалып, өкілдері мен белсенділері қаза тауып, 20-ға жуығы қамауға алынды. Көтерілісті ұйымдастырушысы Сұлтанбек Шолақұлы хан болып сайланып, көмекшілері ретінде Әли Асадулла, бұрынғы милиция бөлім бастығы Бейсенбаев, Кужак, Д.Әтінбаев, К.Жолшиев, С.Шалымбетов, А.Дюганов, О.Оразбаев және Т.Аюбековтер тағайындалды. Олар «Кеңес үкіметі құрысын», «Хандық өкімет жасасын» және «Қазақ үкіметі жасасын» деген ұрандар тастады. Осы жағдай жөніндегі ақпараттан кейін үкімет Созақтың айналасын қоршауға алып, «коммунистер жасағынан» тұратын бірнеше қарулы жасақ әкеліп қойды. Көтерілісшілер Шолаққорғанға қарай шегінді, бірақ №6 ауылда Никитенконың жасағы оларды тоқтатты. 15-16 ақпанда көтерілісшілер ауданына Журавлев пен Логачев жасағы келіп жетті. 4 сағаттық ұрыс көтерілісшілердің жеңілуімен аяқталды. Хан Сұлтанбек өлтірілді, 200-ге жуық адам тұтқынға алынып, 400-ге жуық шаруа қаза тапты.
1964 жылы Қазақ академиялық драма театрының сахнасында Шыңғыс Айтматовтың «Ана - Жер-Ана» спектаклінің премьерасы өтті.
1992 жылы Алматыдағы №139 қазақ орта мектебіне мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілді.
2013 жылы Нью-Йорк қаласында Қазақстан Республикасы мен Самоа Тәуелсіз Мемлекеті арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды. Бірлескен коммюникеге Қазақстан тарапынан ҚР БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Бірғаным Әйтімова, ал Самоа Тәуелсіз Мемлекетінің тарапынан осы елдің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Али'иоаига Фетури Элисая қол қойды.
2014 жылы қазақстандық туындылар - Эмир Байғазиннің «Үндестік сабағы» (Уроки гармонии) кинофильмі мен Ермек Тұрсыновтың «Шал» картинасы Ирандағы 32-ші халықаралық «Фаджр» кинофестивалінің жүлдегерлері атанды.
2017 жылы Астана қаласының аумағын кеңейту туралы Жарлық шықты. Оған сәйкес, Астана қаласының шекарасына Ақмола облысының Целиноград ауданының 8 719 гектар жері қосылды.
2017 жылы Ұлттық академиялық кітапханада Түркі академиясы «Жойылып бара жатқан түркі тілдері» көптомдығын таныстырды. Жобаға 26 елден 130 ғалым қатысты. Қазақ, түрік тілімен бір қатарда сары ұйғыр, алтай тілдері, сондай-ақ Кавказ, Қытай, Иран, Сібірді мекендейтін, сондай-ақ бүкіл әлемге тарыдай шашылып кеткен түркі халықтарының тілдерін сақтап қалу үшін елеулі еңбек атқарылды.
2018 жылы Astana Hub ІТ-стартаптарының халықаралық технопаркі Қазақстанда дарынды мамандар мен кәсіпкерлер үшін бірегей тегін бағдарламаны іске қосты. Оның аясында тәжірибелі кәсіпкерлер стартап-командаларға тәлімгер атанып, сарапшылар сабақ береді. Сондай-ақ жастар бизнес жүргізу үшін инвесторлар және бірлестіктермен танысуға мүмкіндік алады.
2018 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында әлемдегі Қытай кітаптарының ең үлкен коллекциясы ғана емес, Қытайдағы шет тілдеріндегі ең үлкен кітап қоры бар Қытай Ұлттық кітапханасы Қазақстан туралы кітаптарды сыйға тартты.
2019 жылы Американың The World's Вest байқауының екінші эпизодының қорытындысы бойынша Димаш Құдайберген 100 ұпайдың 98-ін жинады. Ең жоғарғы 50 ұпайды отандасымызға әнші Фейт Хилл, актриса Дрю Бэрримор және актер Ру Пол қойды. Сонымен қатар Димаштың өнерін «Әлем қабырғасы», әлемнің әр елінен жиналған 50 сарапшы бағалады. Дания және Ұлыбританиялық төрешілер Димашқа дауыс бермеді. Осылайша, ол 100 ұпайдың 98-ін жинады.
2019 жылы Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті Свече қаласындағы (Польша) Лингвистикалық-технологиялық университетінде «Абай» мәдени-білім беру жастар орталығын ашты. Жаңа орталық мәдениеттермен, білім беру бағдарламалары мен халықаралық ғылыми жобалармен алмасу үшін интерактивті алаңға айналады, академиялық ұтқырлықты дамытуға және Қазақстан мен Польшаның жоғары оқу орындарының арасында қос дипломды білім беруге ықпал ететін болады.
2020 жылы Астана уақытымен 03 сағат 42 минутта Байқоңыр ғарыш айлағының № 31 алаңынан OneWeb Британдық компаниясының спутниктерімен «Союз 2.1 б» зымыран-тасығышы сәтті ұшырылды. «Қазақстандық старт. Космос баршаға арналған» деген атаумен ұшырылған OneWeb Қазақстанмен және Орталық Азиядағы ірі қаржылық хабпен ынтымақтастығына арналды. OneWeb төменорбиталды ғарыш аппараттары жер бетіндегі тұтынушыларды тікелей спутник байланысы арқылы жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етуге арналған. Әрбір құрылғының салмағы шамамен 150 кг, екі күн батареясымен жабдықталған, оның қызмет ету мерзімі – бес жыл.
2022 жылы Қазақстанда Отандық кәсіпкерлер кеңесі құрылды, ол Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып саналады. Кеңестің жұмыс органы – Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі.
2024 жылы қазақстандық ғалым Күнсұлу Зәкария вакциналарды жасаған әйелдердің әлемдік рейтингіне енді. Топ-парақшаны International Woman`s Day (IWD) жаһандық бастамасы ұсынған. Күнсұлу Зәкария «Covid-19 коронавирус инфекциясына қарсы вакцина жасау» ғылыми-техникалық бағдарламаның тең директоры. Пандемиямен күреске елеулі үлес қосқандар: Сара Гилберт (AstraZeneca), Катрин Янсен (Pfizer), Кизмекия Корбетт (Moderna), Елена Смолярчук (SputnikV), К. Сумати (Covaxin India), Ханнеке Схейтемакер Шутмэкер (Johnson&Johnson),
Oзлем Туречи (BioNTech), Каталин Карико (mRNA технологиясы).
2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Шара барысында еліміздің 2023 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер белгіленді.