7 атыраулық «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына таңдап алынды
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына Атырау облысынан осы кезде 7 адам өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біздің өңірімізден барлығы 136 өтініш келіп түсті. Іріктеуден 53 үміткер өтті, республикалық комиссия олардың 7-уін таңдап алды. Олардың арасында сал ауруына шалдыққан балалаларды сауықтырумен айналысатын «Атырау. Шағын мемлекет» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ерлан Күмісқалиев, Ұлттық Паролимпиада комитетінің Атырау облыстық филиалының директоры Бауыржан Тахауов, Атырау облыстық қазақ-түрік лицейінің ұстазы Ербол Палжанов, жедел жәрдем қызметінде ерікті ретінде қызмет ететін инженер Арман Қасымов, бапкер Ақбөбек Ерғалиева, кәсіпкерлер Әсемгүл Оразаева мен Талғат Құтбай бар»,-деді Атырау облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің бас менеджері Орынтай Биманова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Оның айтуынша, өтініш білдірген азаматтардың бірқатары оны дұрыс толтырмаған немесе толық толтырмаған болып шықты. Үміткерлерге дауыс беру 10 қарашаға дейін жалғасады.