«7 айда 228 оқушы қыздың жүкті болғаны не сұмдық?!» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 8 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 8 қыркүйек, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков жұмыс сапарымен Венада болды. Мұнда ол Қазақстан Республикасының қауіпсіздік мәселесі бойынша форумға төрағалық етуінің ресми түрде ашылуына қатысты», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында жарық көрген «Қауіпсіздік қырлары қаралды» деген тақырыптағы мақаласында. Сапар барысында Қазақстан қорғаныс ведомствосының басшысы ЕҚЫҰ Бас хатшысы Ламберто Занньермен кездесті. Әділбек Жақсыбеков оны жақында ғана жоғары әрі мәртебелі қызметке тағайындалуымен құттықтады. Қазақстан Республикасының төрағалық етуіне арналған салтанаттың ашылуында сөйлеген сөзінде Әділбек Жақсыбеков Ұйымның әскери-саяси дамуына Көшбасшымыз - ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қосқан үлесі зор екендігін атап өтті.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен Бішкек мэрі Иса Омуркуловтың ресми кездесуі өтті. Кездесу барысында Астана әкімі Қазақстан мен Қырғызстанды тек тығыз достық қарым-қатынастар ғана емес, тарихи туысқандық тамырлар біріктіретіндігін атап өтті. Қала басшысы одан әрі мейманды Қазақстан елордасының жоғары әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінен хабардар етті. «Астана мен Қырғызстанды жақсы әлеуметтік-экономикалық байланыстар біріктіріп отыр. Тек 2011 жылдың 1-ші жартыжылдығында сыртқы сауда айналымы 26,5 млн. АҚШ долларын құраса, оның 25,5 миллионы - эскпорт. Екі елдің экспорттық-импорттық сауда байланыстарын одан сайын кеңейтудің жақсы мүмкіндіктерін іздестіріп, табуымыз керек», - деп атап өткен Астана әкімі.
***
«Батысқа еліктейміз деп қаракөздеріміз бұзылып бара жатқан жоқ па?» бұл сауал бүгінде бүкіл қазақтың ұйқысын қашырып, уайымдатып отыр. Кішкентай бұзақы ұлдарды тәртіпке сала алмай жүргенде қаршадай қыздарымыздың бірін-бірі сабаған жантүршігерлік әрекеттері жұрттың жағасын ұстатуымен келеді. Ал жеті айда 228 оқушы қыздың етегі түріліп, ана болуға аяқ басқаны не сұмдық?! өткен жылды айтпағанда, ағымдағы алты айда 29 қылмыс оқушы қыздардың тікелей араласуымен жасалғаны жаға ұстатады. «Алаш айнасы» газетінің бейсенбілік санында жарық көрген «7 айда 228 оқушы қыздың жүкті болғаны не сұмдық?!» деген тақырыптағы мақалада осы мәселелер қозғалған.
Осы басылымның тұрақты «Дат!» айдарында ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Әсет Құрманғалиевпен арадағы сұхбат «Әскерилерде бар әлеуметтік қоржынды менмін деген жеке компаниялар да бере алмайды» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Дүниежүзінде әлі де жалғасып жатқан қаржылық дағдарысқа қарамастан, соңғы алты жылда барлық мемлекеттік қызметкерлердің, оның ішінде әскери қызметшілердің еңбекақысы 2,5 есеге жоғарылап отыр. Ал соңғы он жылда еңбекақының он есеге өскені байқалады», - дейді.
***
Санаулы күндерден кейін Түркияның Ыстамбұл қаласында күрес түрлері бойынша әлем чемпионатының жалауы желбірейді. 12-18 қыркүйек аралығында өтетін аталған жарыста жүлделі орындармен қатар, Олимпиада ойындарының жолдамалары да сарапқа салынады. 2012 жылы Лондонда алауы тұтанатын дүбірлі додада бақ сынауды армандаған балуандардың барлығы да бұл күндері Анадолы елін бетке алды. Олардың қатарында Қазақстан құрамасы да бар. Ал осы байрақты ел намысын кімдер қорғайтындығын әрі олардың әлеуетінің қаншалықты екендігін бағамдағыңыз келсе, «Айқын» газетіндегі «Жеңіске жету үшін жанкештілік керек» деген мақаланы оқыңыз.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Пәкстан Ислам Республикасының Премьер-министрі Сайед Юсуф Реза Гиланимен кездесті. Ақордада өткен кездесудің ресми рәсімінен кейін келіссөздер жүргізілді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Пәкстан Ислам Республикасының Премьер-министрі Сайед Юсуф Реза Гилани халықаралық және аймақтық ұйымдардағы екіжақты өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Мақала «Перспективный потенциал добрососедство» деген тақырыппен берілген.