7 айда Қазақстандағы ЖІӨ өсімі 1,5%-ға төмендеді - Б.Сағынтаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Ақордада экономикалық саясаттың жүйелі шаралары туралы кеңес өтті, деп хабарлайды Президенттің баспасөз қызметі.

7 айда Қазақстандағы ЖІӨ өсімі 1,5%-ға төмендеді - Б.Сағынтаев

Кеңесте сөз алған Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев әлемдік экономикадағы жағдайдың қиындауына байланысты, осы жылдың 7 айында елдегі ЖІӨ өсімі 1,5%-ға төмендегенін атап өтті. Сонымен қатар, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары атап өткендей, Ресей рублінің құнсыздануы отандық азық-түлік өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығын өндірушілердің жұмысында қосымша қиындықтар туғызған.

«Осыған байланысты, сәл ертерек өсімдік шаруашылығына бағытталған 6 млрд теңге сүт, құс еті, жұмыртқа, шошқа етінің өндірісін субсидиялауға қайта бөлінетін болды. Осының арқасында, өндіріс көлемін 10 пайыздан жоғарылатып, құс шаруашылығы бойынша 12 мыңнан аса жұмыс орнын сақтап қала аламыз», - деді Б.Сағынтаев.

Сонымен қатар, Б.Сағынтаев атап өткендей, салалық бағдарламаларға бөлінген қаржының игерілуіне мониторинг жасалған.

«Біз «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 73 млрд теңгенің игерілмей қалу қаупін анықтадық. Сондықтан, бұл қаражатты тиімді жүзеге асырылып жатқан бағыттарға бөліп беруді жөн санадық. Мысалы, 8,8 млрд теңге «Астана-Павлодар-Өскемен» тас жолының құрылысына қайта бөлінеді. Тағы 6,6 млрд теңгені Тұрғын-үй коммуналдық кешенін жаңғыртуға бөлуді көздеп отырмыз»,-деп атап өтті Б.Сағынтаев.