7 қараша. Kazinform күнтізбесі. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 7 қарашаға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

календарь күнтізбе
Фото: Kazinform/ Midjourney

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік ерлер күні

Бұл мерекені атап өту туралы бастама алғаш рет 2000 жылы көтерілді. Оны Біріккен Ұлттар Ұйымының және басқа да халықаралық ұйымдардың өкілдері қолдады. Содан бері Дүниежүзілік ерлер күні қараша айының алғашқы сенбісінде әлемнің көптеген елінде аталып өтеді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1929 жылы Алматыда қазақ тілінде, латын графикасымен аптасына бір рет шығатын «Қызыл әскер» атты тұңғыш әскери газет жарық көрді. Басылым Қазақ әскери комиссариатының, әуе және химия қорғанысына жәрдемдесу қоғамы ұйымының және «Еңбекшіл қазақ» баспасының органы болды. Ол 1929 жылғы 7 қарашадан 1936 жылғы 31 қазанға дейін шығып тұрды. Басылымға Ілияс Жансүгіров, Асқар Лекеров, Әуезхан Қошымов және басқа да қаламгерлер атсалысты. Кейін оның ізбасары ретінде ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз жөніндегі орталық органы — «Сарбаз» газеті жарық көрді. Басылым беттерінен Қазақстан армиясы, елде өтіп жатқан әскери оқу-жаттығулар мен әскери қызметшілердің жетістіктері туралы ақпарат алуға болады.

1934 жылы Қазақ музыкалық театрында (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры) Евгений Брусиловскийдің Ғабит Мүсірепов жазған либреттосы негізінде «Қыз Жібек» операсы алғаш рет көрерменге жол тартты. Операда Жібек пен Төлегеннің бір-біріне деген кіршіксіз махаббаты, қос ғашықтың сол кездегі патриархалдық салт-дәстүр мен түрлі кедергілерге қарсы тұрып, бірге болуға ұмтылған тағдыры суреттеледі. Шығармаға қазақтың халық әндері мен күйлері арқау болды. Олардың қатарында Үкілі Ыбырай, Мұхит, Жаяу Мұса мен Тәттімбеттің туындылары, сондай-ақ «Гәкку», «Алқарай көк», «Аққұм» әндері мен халық термелері бар.

1945 жылы Алматыда Н.Сац атындағы Мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театры ашылды. Халық жауының әйелі болғаны үшін жер аударылғаннан кейін Алматыға келген Наталия Сац Опера және балет театрының режиссері болып тағайындалды. Ол Ұлы Отан соғысы жылдары Алматыда эвакуацияда жүрген танымал актерлерді балаларға арнап өзі ұйымдастырған ертеңгілікке шақырады. Осы шарадан кейін балалар мен жасөспірімдер театрын ашу туралы ұсынысын айтып, тиісті мекемелерге хат жолдайды. Оның бастамасын Қазақстан КП (б) Орталық комитетінің екінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов қолдады. 1944 жылғы 6 қыркүйекте Алматыда балалар мен жасөспірімдер театрын құру туралы қаулы қабылданды. Ал 1945 жылғы қарашада театр шымылдығы «Қызыл телпек» спектаклімен ашылды.

1956 жылы Арқалық қаласының негізі қаланды. Қаланың бой көтеруіне соғыстан кейінгі жылдары алюминий өндіруге қажетті шикізат — боксит кенінің мол қорының табылуы себеп болды. 1965 жылы Арқалық қала мәртебесін алып, 1971 жылы Торғай облысының орталығына айналды.

1963 жылы Мәскеу жоғары оқу орындарында білім алған қазақ жастарының «Жас тұлпар» атты мәдени-ағартушылық ұйымы құрылды. Ұйымның негізін Мәскеуде оқыған студенттер Мұрат Әуезов, Алтай Қадыржанов және Болатхан Тайжанов қалады.

2011 жылы Қазақстанның халық әртісі Жәния Әубәкірова поляк музыка мәдениетін насихаттауға қосқан айрықша үлесі үшін Польшаның мемлекеттік наградасы — «Еңбегі үшін» Алтын Крест орденімен марапатталды. Қазақстандық өнерпаз белгілі поляк композиторларының шығармаларын шебер орындап, Польша тыңдармандарының ықыласына бөленді.

2016 жылы Эстония мен Бутан Корольдігі Мемлекеттік қызмет саласындағы Астана өңірлік хабының қатысушы елдеріне қосылды. Хабқа Америка, ТМД, Кавказ және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері, сондай-ақ бес халықаралық ұйым кіреді. Хабқа мүше елдер бірлескен жобалар мен іс-шараларға қатысып, тәжірибе алмасады, мемлекеттік қызметтің озық халықаралық үлгілерін таратуға және осы саладағы сарапшылар байланысын нығайтуға атсалысады.

2018 жылы Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Назира Қыдырбаева мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қол протезін жасап, оның ғылыми негіздемесін әзірледі. Ол шетелге барып, протез жасату мүмкіндігі жоқ адамдардың жағдайына алаңдап, көпшілікке қолжетімді әрі қарапайым протез жасауды мақсат етті.

2018 жылы Шымкенттегі мемлекеттік дендрологиялық паркке қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың есімі берілді. Асанбай Асқаров 1978-1985 жылдары Қазақстан Компартиясы Шымкент облыстық комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды. Қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналған дендросаябақ оның бастамасымен құрылған.

2019 жылы Алматыдағы «Ғылым ордасы» РМК-ның Сирек кітаптар музейіне ағылшын журналисі әрі жазушысы Годфри Лайастың 1956 жылы Лондонда жарық көрген «Kazak Exodus» кітабы сыйға берілді. Ағылшын тіліндегі бұл кітап аз таралыммен басылғандықтан, сирек кездесетін басылымдар қатарына жатады. Кейін баспагер, саясаттанушы әрі қоғам қайраткері Бақытжан Бұхарбай кітапты қазақ және орыс тілдеріне аударып, «Аспантау асқан үркін көш» және «Великий исход казахов» деген атаумен жарыққа шығарды.

2021 жылы Бакуде Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесіне мүше елдердің бас прокурорларының алғашқы отырысы өтті. Жиында құқықтық көмек көрсету, прокурорлар арасындағы ынтымақтастықты нығайту, олардың жұмыс тиімділігін арттыру, тәжірибе мен білім алмасу мақсатында «Түркі мемлекеттері бас прокурорлары кеңесін құру туралы» келісімге қол қойылды.

2024 жылы «Болашақ» бағдарламасымен Шотландия корольдік консерваториясының докторантурасында оқып жүрген композитор әрі пианист Рахат-Би Әбдісағин Ұлыбританиядағы ең көне марапаттардың бірі — Лондон музыканттар компаниясының «Күміс медаліне» ұсынылды.

1350 жылы құрылған Лондонның Құрметті музыканттар компаниясы — көне гильдиялардың бірі. XIX ғасырдың соңында музыкалық қызметін қайта жандандырған ұйым бүгінде жас музыканттар мен музыкалық білім беруді қолдайды. Ал 1889 жылдан бері табысталып келе жатқан «Күміс медаль» — гильдияның ең көне әрі жалғыз марапаты. Ол Ұлыбританияның жетекші консерваторияларының студенттері арасынан үздік жас музыкантқа беріледі.

2025 жылы Air Astana әуе компаниясы Boeing компаниясымен 15 Boeing 787-9 Dreamliner ұшағын жеткізу туралы келісімшартқа қол қойды. Бұл — компания тарихындағы ең ірі тапсырыс. Келісім бес ұшақты нақты сатып алуды, тағы бес ұшаққа тапсырыс беру мүмкіндігін және қосымша бес ұшақты сатып алу құқығын қамтиды. «Алғашқы Boeing 787-9 Dreamliner ұшағы келесі жылы жеткізіледі. Бұл әуе компаниясының дамуындағы жаңа кезеңге жол ашады», — деді Air Astana бас атқарушы директоры Питер Фостер. Нәтижесінде компанияның ұшақтар паркі 18-ге жетті.

2025 жылы Петропавлда тәулігіне 350 тоннаға дейін сүт өңдейтін Eurasian Milk зауыты іске қосылды. Бұл — еліміздегі сүт өнеркәсібіндегі ең ірі әрі технологиялық тұрғыдан озық кәсіпорындардың бірі. Жобаға 70 млн доллар инвестиция салынып, 415 жұмыс орны ашылды.

2025 жылы баспасөз, радио және интернет-журналистика саласындағы жыл сайынғы «Үркер — 2025» ұлттық сыйлығының жеңімпаздары анықталды.

Жылдың үздік жаңалықтар порталы — «Adyrna» ұлттық порталы;

Әлеуметтік тақырыптағы үздік материал — Тамара Вааль, Vlast.kz сайты;

Үздік өңірлік БАҚ — «Астана ақшамы» газеті;

Жылдың үздік журналистік зерттеуі — Майра Ерғали, «Атырау» газеті;

Жылдың үздік сұхбаты — Бауыржан Кәріпов, Qaz365.kz ақпарат агенттігі;

Жылдың үздік радиобағдарламасы — «Шалқар» ұлттық радиосының «Нысана» бағдарламасы;

Жылдың үздік фотосуреті — Игорь Бургандинов, «Казахстанская правда» газеті;

Жылдың үздік подкасты — Qstar Group;

Жылдың үздік YouTube арнасы — «Эксперты KZ»;

Жылдың үздік репортажы — Иван Сухоруков, Tengrinews.kz сайты;

Жылдың үздік сараптамалық материалы — Илья Пащенко, «Казахстанская правда» газеті.