7 қарашада Төлешовтің ісі бойынша үкім шығарылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тоқтар Төлешовтің ісі бойынша үкім шығарылады. «Қылмыстық іс бойынша мамандандырылған ауданарлық әскери сот 2016 жылы 7 қарашада сағат 16:00-де Төлешов пен өзге де тұлғаларға қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарады», - деп хабарлады әскери сот.

7 қарашада Төлешовтің ісі бойынша үкім шығарылады

Еске сала кетейік, іс материалдарында мемлекеттік құпияларға қатысты деректер болғандықтан, Тоқтар Төлешовтің соты жабық түрде өтіп жатыр. 2016 жылдың қаңтарында Шымкентте күш құрылымдары арнайы операция жүргізіп, оны қолға түсірген болатын. Арада алты ай өткен соң, яғни, маусым айында Ұлттық қауіпсіздік комитеті ресми мәлімдеме жасай отырып, Тоқтар Төлешовке қаражаты мен лауазымын пайдалана отырып, билікті күшпен басып алуға әрекеттенді деген айып тақты. Бұл ойын жүзеге асыру үшін Тоқтар Төлешов құзырлы органдар мен әскери саладағы ведомстволардан сыбайластар тапқан.

Қылмыстық істегі басты жауапкер Тоқтар Төлешев бірқатар қылмыстар бойынша айыпталып отыр, олардың арасында: адам ұрлау, өлтіру, заңсыз бостандығынан айыру, билікті басып алуға жария шақыру, сондай-ақ билікті басып алу немесе ҚР Конституциялық құрылысын күштеп өзгерту, экстремистік топ құру, оған басшылық ету немесе оның қызметіне қатысу, тонаушылық, ұйымдасқан қылмыстық топ, ұйым құру және оған басшылық ету сияқты айыптар тағылған. Сондай-ақ ол қарулардың, оқ-дәрілердің, жарылғыш заттардың және жарылғыш құрылғылардың  заңсыз айналымына айыпталуда. Сонымен бірге, Төлешовтің өткізу мақсатынсыз есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысы бар екендігі жөнінде айып тағылуда.