7 қазан. ҚазАқпарат күнтізбесі

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2018 жылғы 7 қазанға арналған күнтізбесін ұсынады.

7 қазан. ҚазАқпарат күнтізбесі

null7 қазан. ЖЕКСЕНБІ

Қазақстанда мұғалімдер күні

Мұғалімдер күні - білім саласындағы қызметкерлердің кәсіби мейрамы. Бұл айтулы күнді 1994 жылы ЮНЕСКО бекіткен. Бұл күн қоғамдағы мұғалімдер жайына, олардың білім беру мен дамудағы рөліне көңіл бөлуді көздейді. Бүкіләлемдік мұғалімдер күні әлемнің 100-ден астам мемлекетінде атап өтіледі.

Қырғызстан азаматтық авиациясы күні 

Қырғызстан Республикасы Үкіметінің 1994 жылғы қазанның 3-і күнгі қаулысымен бекітілген.

Иранда ауылдар мен халықтар күні

15 мехр күні атап өтеді (Григориан күнтізбесі бойынша 7 қазан). Мереке 2013 жылы елдің даму жолындағы ауыл тұрғындары мен олардың еңбегін ескеру  үшін Ауыл аймақтарын дамыту орталығының бастамасымен бекітілген.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1930 жылы Көжебай сайы (Ақтөбе облысы) деген жерде Кеңес үкіметінің күштеп ұжымдастыру саясатына, алым-салық, мал жинау науқанына қарсы бағытталған шаруалар көтерілісі жеңіліс тапты. Көтеріліске шыққан шаруаларды жазалау үшін ОГПУ-дің жанынан «үштік» құрылып, қозғалыстың 12 басшысы ату жазасына кесілді. 1З адам 10 жылға бас бостандығынан айрылып, 163 адам түрлі жазалау шараларына тартылды.
1946 жылы Алматыдағы Қазақ опера және балет театрында «Біржан - Сара» операсының премьерасы қойылды. Операның авторы - М.Төлебаев, либреттосын Қ.Жұмалиев жазған. Алғашқы қойылымдағы Біржан бейнесін Ә.Үмбетбаев сомдаса, Сараны К.Байсейітова ойнады. «Біржан - Сара» - көп актілі лирикалық-драмалық опера. Оның негізіне XIX ғасырда өмір сүрген ақын, әнші-композитор Біржан сал мен Сара ақынның айтысы алынған. Операға 1949 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілген.
1993 жылы Алматыда жазушы Ілияс Есенберлиннің мұражайы ашылды.
1994 жылы Қазақ ұлттық университетінің құрылғанына 60 жыл толуына орай, оқу орнының бас ғимараты алдына әл-Фараби ескерткіші орнатылды.
1995 жылы Венгрия астанасы Будапештте Абай күндері өтті.

1997 жылы Елбасы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Көші-қон және демография жөніндегі агенттігі құрылды.
1997 жылы ҚР Үкіметінің №1419 Қаулысымен арнайы теле-, радиохабар тарату субъектісі ретінде «Қазтелерадио» Республикалық мемлекеттік қазыналық мекемесі құрылды, оның негізгі міндеті ретінде «телерадиобағдарламаларды және басқа телерадиохабарларды тарату» белгіленді. 

1998 жылы «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен ҚР Конституциясына өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, Президент өкілеттігінің жаңа мерзімі бекітілді - 7 жыл. Жас шектеулері де өзгертілді: төменгі меже - қырық жастан кем емес, жоғары меже - шектелмеген.

1999 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағат қоры туралы ереже бекітілді.

1999 жылы Берлин көшелерінің біріне қазақ ақыны Абай Құнанбайұлының есімі берілді.
2000 жылы Париждегі ЮНЕСКО үйінде Түркістан күндері өткізілді.

2004 жылы 7-9 қазанда Латвия Республикасының Президенті Вайре Вике-Фрейбергтің Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапары болды. Келіссөздердің қорытындысында серіктестік қатынастарды жандандыруға бағытталған бірқатар құжаттарға қол қойылды.
2004 жылы Алматыда өткен «Қазіргі заманғы қазақстандық роман» әдеби сайысының нәтижесінде таңдалып алынған бес романның тұсаукесер рәсімі өтті. Айгүл Кемелбаеваның «Мұнара», Дидар Амантайдың «Гүлдер мен кiтаптар», Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс», Николай Веревочкиннің «Зуб мамонта», Илья Одеговтың «Звук, с которым встает солнце» атты романдары жеңімпаз атанды..
2005 жылы Еуразия ұлттық университетінде ірі түркітанушы ғалым, этнограф Лев Гумилевтің мұражай-кабинеті ашылды.
Мұнда Л.Гумилевтің бүкіл шығармалары топтастырылған. Олардың ішінде «Қазақ этносының шығу тарихы» қолжазбасы мен «Этногенез бен Жер биосферасы» атты докторлық диссертациясының түпнұсқасы да бар. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразияшылдық идеясын қолдайтын бірқатар еңбектері қойылған. Кабинеттің ашылу рәсімінде ғалымның зайыбы Н.Гумилеваның жиені М. Новгородова еуразияшыл жанның өз туындыларын басқан «Continental» жазу машинкасын мұражайға тапсырды.
2009 жылы Астанада Швейцария Конфедерациясының Қазақстандағы елшілігі ашылды. 
2011 жылы Монако князьдігінде ханзада Альбер-ІІ, Премьер-Министр Мишель Роже, сонымен қатар сыртқы саясат ведомствосының басшысы Жозе Бадиа мен өзге де министрлердің қатысуымен Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығы ашылды. 
2011 жылы ҚР Мемлекеттік Орталық музейінде белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, тарихшы-этнограф, өнер зерттеушісі, ғалым, ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі Өзбекәлі Жәнібековтің 80 жылдығына арналған көрме ашылды.

2011 жылы  Нью-Йоркте Қазақстан Республикасы Бас консулдығының қолдауымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанда әлемдік және дәстүрлі дін басшыларының съезін өткізу бастамасы жайында түсірілген «Дала арқылы диалог» деректі фильмінің тұсаукесері болды. 
2012 жылы Түркия астанасы Анкарада Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Еуразия жүрегінде», «Қазақстан жолы», «Сындарлы 10 жыл», «Ғасырлар тоғысында», «Тарих толқынында» атты Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшілігі түрік тілінде шығарған таңдамалы туындылары көптомдығының таныстырылымы болды. Аталған туындыларда Қазақстанның мемлекет ретінде қалыптасу және даму тарихына куә болатын бірегей материалдар жинақталған.
2013 жылы Кишиневте өткен Тәуелсіз мемлекеттер достастығы мемлекеттік ақпарат агенттіктері басшылары кеңесінің XVII отырысында «ҚазАқпарат» «ТМД-ға 20 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды. Награда ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ықпалдастығын дамытуға қосқан үлесі үшін берілді. 

2014 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық консультативтік кеңес өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында Қазақстанның экономикалық дамуының өзекті мәселелері талқыланды. Халықаралық консультативтік кеңес ЮНЕСКО мен Мемлекеттік Эрмитаждың бірлесіп күш салуының арқасында 1994 жылы құрылды.

2015 жылы Apple ресми сайтында қазақстандық танымал кәсіпқой боксшы Геннадий Головкиннің қатысуымен бейнеролик жарияланды.

1826 жылы Массачусетсте АҚш-тағы бірінші темір жол ашылды.

1884 жылы Флоридада алғаш рет тіс щеткасын өндіру жолға қойылды. Ал әлемдегі алғашқы тіс «щеткасы» 505 жылы Қытай императорына арналып жасалған.
1910 жылы орыстың ұлы жазушысы Лев Николаевич Толстой Нобель сыйлығына өз кандидатурасын қарастырудан бас тартты.

1920 жылы Ұлыбританиядағы Оксфорд университетіне алғашқы 100 қыз оқуға қабылданды. Оған дейін мұнда тек ерлер білім алған.

1931 жылы алғаш рет инфрақызыл сурет жасалды.
1949 жылы Германия Демократиялық Республикасының негізі қаланды.